Шымкент қаласында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық пирамидалардың алдын алу мақсатында ерекше форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Shahimport компаниясының қолдауымен өткен шара қатысушыларға бір мезетте кәсіптік дағды мен қаржылық қауіпсіздік туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара Shahimport ас студиясында өтті. Оған 100 адам қатысып, тегін шеберлік сағатынан өтті. Арнайы Ресейден келген технологтар ресейлік Solpro компаниясының жаңа өнімдерін таныстырып, сол өнімдерді пайдалану арқылы түрлі тәттілер дайындаудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Қатысушылар кондитерлік өнімдерді әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, кәсіби мамандардан тәжірибелік кеңестер алды.
Алайда іс-шараның негізгі ерекшелігі тек аспаздық бағытпен шектелмеді. Ұйымдастырушылар шеберлік сабағын қаржылық қауіпсіздік тақырыбымен ұштастырып, тұрғындарға қаржылық пирамидалардың белгілері мен олардың қауіптілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандар күмәнді инвестициялық ұсыныстардың ерекшеліктеріне тоқталып, жеңіл әрі жылдам табыс табуға уәде беретін жобаларға сақтықпен қарау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, қаржылық шешім қабылдау кезінде тек ресми ақпарат көздеріне сүйену және заңды табыс табу жолдарын таңдау маңызды екені айтылды.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Аружан Әлжанның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық мәдениетін қалыптастырып, оларды алаяқтық схемалардан қорғау.
Оның мәліметінше, мұндай форматтағы кездесу республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Статистикалық деректерге сәйкес, жеңіл табыс табуға сеніп, күмәнді қаржылық жобаларға қаржы салатындардың 80 пайызы әйелдер екені анықталған. Осыған байланысты ұйымдастырушылар әйелдер көп шоғырланған кондитерлік сала өкілдеріне арналған арнайы шеберлік сабағын өткізуді жөн көрген.
«Балық бергеннен гөрі қармақ берген дұрыс» қағидатын негізге алған ұйымдастырушылар қатысушыларға нақты кәсіптік дағды беруді мақсат еткен. Шеберлік сағаты барысында үйренген білім мен тәжірибені кейін табыс көзіне айналдыруға болатыны түсіндірілді. Осылайша, азаматтарға заңды жолмен кәсіп бастап, өз еңбегі арқылы табыс табуға болатындығы көрсетілді.
Мамандардың пікірінше, қаржылық сауаттылықты арттыру мен кәсіпкерлік дағдыларын дамыту қатар жүргізілген жағдайда оның тиімділігі жоғары болады. Өйткені адамдар тек қаржылық тәуекелдерді тануды ғана емес, сонымен қатар нақты табыс табудың заңды әрі тұрақты жолдарын меңгереді.
Ұйымдастырушылар мұндай жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жоспар бойынша келесі шеберлік сағаттары тігіншілік, сұлулық индустриясы және басқа да кәсіптік бағыттар бойынша ұйымдастырылмақ.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар халықтың қаржылық мәдениетін арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға және азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға ықпал етеді. Сонымен қатар, тұрғындардың өз кәсібін бастауына немесе қосымша табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді.

