Үш жылдың ішінде Қазақстанда 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды

Үш жылдың ішінде Қазақстанда 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды
Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023–2025 жылдар аралығында елімізде 813 денсаулық сақтау нысаны, оның 655-і ауылдық жерлердегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысаны салынды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылуда.

Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұрын медициналық көмек көрсетілмеген елді мекендерде 200-ден астам жаңа медициналық нысан ашылды. Нәтижесінде шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны медициналық қызметтерге қолжетімділікке ие болды.

Сонымен қатар, елімізде аудандық ауруханаларды жаңғырту, көпбейінді стационарлар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен ұлттық медициналық орталықтар салу жұмыстары жалғасуда.

Соңғы үш жылдың ішінде денсаулық сақтау саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 22%-ға артып, 436 млрд теңгеден 561 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар көлемі 137 млрд теңгені құрады.

Қайтарылған активтердің есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан 2024–2026 жылдары денсаулық сақтау нысандарын салуға қосымша 157,1 млрд теңге бағытталды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде республикалық маңызы бар бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Астанада Орталық Азия өңірінде теңдесі жоқ сәулелік және протондық терапия орталықтары бар Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы, сондай-ақ Алматы қаласында Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы пайдалануға берілді.

Өңірлік деңгейде де медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жүргізілуде – көпбейінді және аудандық ауруханалар, заманауи емханалар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандары салынуда.

Қазіргі уақытта елімізде инфрақұрылымды жаңғыртудың келесі кезеңі жүзеге асырылуда. 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық орталық аурухананы жаңартып, оларды көпбейінді аудандық ауруханалар деңгейіне жеткізу жоспарланған.

Медициналық ұйымдар компьютерлік томографтар мен ангиографтарды қоса алғанда, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

Қабылданып жатқан шаралар шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және мамандандырылған ем көрсету уақытын қысқарту есебінен инсульт пен инфаркттан болатын өлім-жітімді шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанда 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған 9 заманауи перинаталдық орталықтан тұратын желі қалыптастырылуда. Қазірдің өзінде Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Шымкент қаласында, Алматы облысының Қаскелең қаласында, Қарағанды қаласында және Түркістан облысының Темірлан ауылында төрт перинаталдық орталықтың жобалау жұмыстары аяқталды. Астана, Алматы, Қызылорда және Орал қалаларында да жаңа жобалар бастамашылық етілді.

Бұдан бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарын тарта отырып, 10 көпбейінді балалар стационарын салу мәселесі пысықталуда.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда Алматы, Көкшетау және Қосшы қалаларында көпбейінді ауруханалар, Шымкент қаласында университеттік аурухана жобалары жүзеге асырылуда. Түркістан мен Петропавл қалаларындағы ірі стационарлардың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен бірге халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен Қарағанды, Алматы, Семей және Ақтөбе қалаларында университеттік ауруханалар салу жоспарлануда.

Инфрақұрылымды дамыту бүгінде медициналық нысандарға деген қажеттілікті, олардың қуаттылығы мен бейінін ескере отырып, жүйелі негізде жүргізілуде. Бұл нүктелік құрылыстан денсаулық сақтау желісін ұзақ мерзімді әрі теңгерімді дамытуға көшуге мүмкіндік береді.

Бүгінде жүзеге асырылып жатқан барлық нысандар денсаулық ма сақтау саласының жаңартылған құрылыс стандарттарына, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын халықаралық талаптарға (JCI және iHFG стандарттары) сәйкес салынып жатқанын айта кету керек. Бұл тиімді логистикасы, инфекциялық бақылау жүйесі және жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізуге қолайлы жағдайлары бар заманауи медициналық мекемелер құруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, инфрақұрылымды дамыту қазіргі уақытта демографиялық үрдістерді, өңірлердің қажеттіліктерін және медициналық көмектің сапасын арттыру міндеттерін ескере отырып, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау негізінде жүзеге асырылуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты нәтижесі – халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту және пациентке бағдарланған заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанда үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда қорғаныс шаралары еліміздің 13...

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі индустриалды және...