Қазақстандықтардың ақшалай табысының шамамен үштен екісі жалдамалы еңбек есебінен қалыптасады. Мұндай тұжырым Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында айтылды. Кеңес жұмысына экономика және қаржы саласынан 30-дан аса сарапшы қатысты. Сарапшыларға Экономикалық зерттеулер институты әзірлеген экономикалық өсім мен халықтың нақты табысының өзара байланысын талдау, сондай-ақ алдағы төрт жылға арналған халық табысын арттырудың кешенді жоспарының жобасы ұсынылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Экономикалық зерттеулер институтының деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері нақты ЖІӨ, жалақы және халықтың ақшалай табысының оң өсу қарқыны байқалады. Сонымен қатар жалдамалы еңбектен түскен қаржы азаматтардың әл-ауқатын қалыптастыратын негізгі табыс көзі болып отыр. 2025 жылы оның үлесі халықтың барлық ақшалай кірісінің шамамен үштен екісіне жетті.
Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Біржан Бәткеев атап өткендей, жүргізілген талдау азаматтардың әл-ауқатын жақсарту экономикалық өсімді халықтың табысына берудің негізгі арналарын күшейтуді талап ететінін көрсетеді. Басымдықтар қатарында сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру мен жалақының өсуі бар.
Талдау сонымен қатар маңызды салалық және аймақтық айырмашылықты анықтады. Жалақы деңгейін қоса алғанда, бірқатар көрсеткіш бойынша 2025 жылы тау-кен өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру қызметі, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көшбасшы салалар арасында ерекшеленеді.
Сонымен қатар халықтың табысы тұрғысынан көшбасшы секторлар ғана емес, олардың тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашуы, қосылған құн тізбегін қалыптастыруы және экономиканың басқа секторларына серпін беруі ерекше маңызға ие. Сондықтан кірісті арттырудың басымдықтары салалық өсу қарқынын ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту ауқымын да ескеруі керек. Әл-ауқаттың өсуі үшін жұмыспен қамту және өнімділік әлеуетін біріктіретін секторлар ерекше маңызды.
Сонымен қатар әл-ауқат деңгейіне инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және басқа да негізгі қызметтерге қол жеткізу әсер етеді.
Талдау нәтижелері негізінде Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын арттырудың кешенді жоспары жобасын әзірледі. Құжат алты бағыт бойынша 58 іс-шараны қамтиды. Олар:
- жалақыны көтеру;
- сапалы жұмыс орындарын ашу;
- адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру;
- инфляцияның төмендеуі және нақты табыстың өсуі;
- салық және әлеуметтік шаралар;
- борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржы тұрақтылығын арттыру.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Сараптамалық кеңестің қатысушыларына жоспар жобасын таныстырды.
Талқылау барысында сарапшылар халықтың табыс деңгейіне сыртқы экономикалық фактор әсер ететінін атап өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, әлемдік экономикадағы сауда қайшылығы, геосаяси тұрақсыздық, экспорттық логистикадағы шектеу және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің экономикалық белсенділігінің баяулауы айтарлықтай әсер етеді. Бұл факторлар экспорттық кіріске, бюджет кірісіне және елдің жалпы экономикалық динамикасына әсер етеді.
«АВЗ» ЖШС директоры Марат Баққұлов еңбек өнімділігін арттыру тәжірибесімен бөлісті.
«Біздің зауытта роботтандыру екінші жыл қатарынан жүріп жатыр. Мұның нәтижесінде бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі соңғы екі жылда іс жүзінде екі есеге, 27 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін өсті. Біз біліктілігі төмен еңбекті жоғары біліктілікпен алмастырудамыз: егер бұрын бізде қарапайым слесарьлар жұмыс істесе, қазір олардың орнын инженерлер басқан. Тиісінше жалақы деңгейі де өсуде», — деп атап өтті Марат Баққұлов.
Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов еңбек өнімділігін арттыру және экономиканы технологиялық жаңғырту қажеттігіне назар аударды.
«Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32% болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-60%-ға жетеді. Өнімділіктің өсуінсіз жалақының өсуі сөзсіз инфляцияға әкеледі. Сондықтан агломерацияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту қажет», — деп атап өтті Ғалым Құсайынов.
Отырысты қорытындылай келе, Серік Жұманғарин сарапшылардың барлық ұсынысы мұқият қаралып, алдағы кезде ескерілетінін атап өтті.
«Қазірде елге жаңа өндіріспен бірге заманауи технология келетін кезеңде тұрмыз. Бұл жаңа деңгейде маман даярлауға және сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік тудырады. Сарапшылар қауымдастығымен бірге біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқат деп нені түсінетінін және халықтың табысының өсуіне қандай фактор әсер ететіні туралы ауқымды әңгіме бастадық. Экономикалық зерттеулер институты осы тақырып бойынша зерттеуді бастады. Сіздерді өздеріңіздің зерттеу, ұсыныстарыңызбен, сараптамалық пікірлеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Егер бұл мәселе тек жалақыны көтеру арқылы шешіледі десек, бірде-бір бюджет жеткіліксіз болатыны анық. Тұрақты экономикалық өсу, өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту қажет. Сондықтан біз сарапшылармен одан арғы диалог жалғасатынына сенеміз. Сараптамалық кеңестің келесі отырыстарында талқылау үшін жаңа ұсыныс күтеміз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

