Балқашта Balkhash Tour Fest-2026 фестивалі мен Халықаралық волонтёрлер жылына орай ұйымдастырылған Халықаралық еріктілер форумы өтуде.
Балқаш көлінің жағалауындағы ауқымды іс-шара Қазақстан, Түркия, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жастардың басын қосты.

Көл жағалауында Балқаш өңірінің бірегей табиғатын бейнелейтін жаңа көрнекі нысан – «Балқаш жолбарыстары» пайда болды. Мүсіндік композиция бір кездері Балқаш маңын мекендеген Тұран жолбарысын еске салады.
Жыртқыштың популяциясын қайта қалпына келтіру мақсатында халықаралық бағдарлама шамамен он жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Форум қатысушыларымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесіп, бейресми жағдайда пікір алмасты.

– Бұл халықаралық форум ынтымақтастықты нығайтуға, тұрақты дамуға және бүкіл әлем үшін құнды саналатын табиғи мұраны сақтауға деген ортақ ұстанымымызды айқын көрсетеді. Кездесудің маңызын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен сабақтастығы одан әрі арттыра түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бұл аумақтарды бір реттік тазалау науқаны емес, қоршаған ортаға, қоғамдық кеңістіктерге және туған жерге жанашырлықпен қарауға негізделген жаңа мәдениет пен өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бастама. Қарағанды облысы бұл бағдарламаға белсенді қатысуда. Бүгінгі күнге дейін 113 мыңнан астам жас пен волонтёрді қамтыған 176 экологиялық акция ұйымдастырылды, – деді өңір басшысы.
Форум бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды.
Экологиялық бастамалардан бөлек, пікірталастар мен танымдық интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы білген-түйгендерімен, тың идеяларымен және үздік тәжірибелерімен бөліседі.
– Біздің елімізде волонтерлік қозғалыс жақсы дамыған. Қазақстанда өтіп жатқан халықаралық форумға алғаш рет қатысып отырмыз. Өз тәжірибемізбен бөлісіп, өзге елдердің озық тәжірибесін үйренгіміз келеді. Мұнда көптеген жаңа дүниелермен таныстық. Әсіресе Түркиядан келген еріктілердің тағам қалдықтарын кәдеге жаратуға бағытталған жобасы қызығушылық тудырды. Мұндай кездесулердің пайдасы зор екені сөзсіз, – дейді Қырғызстан делегациясының жетекшісі Намызбек Нурдөөлөт.
«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еріктілер экологиялық акциялар өткізіп жатыр. Ал ертең олар Tour Fest фестивалі өтіп жатқан Балқаш көлінің жағажай аумағын тазалап, ретке келтіреді.

