Астанада шетелдегі қазақ жазушылары мен ғалымдарының жаңа еңбектері таныстырылды

Астанада шетелдегі қазақ жазушылары мен ғалымдарының жаңа еңбектері таныстырылды

Астана, 2026 жылғы 20 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» халықаралық кітап сериясы аясында жарық көрген жаңа басылымдардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды No-comment.kz – Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, кітап авторлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ елорданың жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

«Ұлы Дала» жобасы аясында шетелдегі қазақ жазушыларының шығармалары мен ғалымдарының ғылыми еңбектері жарық көруде. Жоба аталған еңбектердің Қазақстанның әдеби және ғылыми кеңістігіне енуіне, сондай-ақ шетелдегі қазақ қауымдастықтарымен мәдени және зияткерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Соңғы үш жылда жоба аясында 28 кітап жарық көрді.

Жаңа серияға шетелде тұратын қазақтардың тарихына, мәдениетіне, әдеби мұрасы мен зияткерлік дамуына арналған бес басылым енді. Атап айтқанда, Моңғолия қазақтарының тарихи жадына және Алтай Республикасындағы қазақ қауымының тарихына арналған зерттеулер, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытай қазақтарының әдеби шығармалары мен поэзиялық мұрасы таныстырылды. Аталған кітаптарды басып шығару шетелдегі қазақтардың тарихи-мәдени мұрасын сақтауға және қазақстандық оқырмандардың олардың ғылыми еңбектері мен әдеби шығармаларымен кеңінен танысуына мүмкіндік беруге бағытталған.

«Отандастар» қорының президенті Ырысқали Дәуренбек өз сөзінде жобаның іске асырылуы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтармен, соның ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын ілгерілету міндеттерімен үндесетінін атап өтті. Осы орайда ол кітап сериясын жас авторлардың шығармаларымен, балалар әдебиетімен, сондай-ақ қазақ тіліндегі ғылыми және оқу басылымдарымен толықтыру арқылы жобаны одан әрі дамыту перспективаларына тоқталды.

Іс-шара барысында қатысушылар жаңа басылымдармен танысып, шетелдегі қазақ авторларының шығармашылығын қолдау және олардың еңбектерін кеңінен насихаттау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жаңа кітаптар ұлттық және республикалық кітапханаларға табысталды, ал олардың электрондық нұсқалары «Отандастар» қорының ресми сайтында орналастырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ