Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды.

– Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ