Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта 2026 жылы қаладағы 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінде барлық нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Жобалар бойынша мердігер ұйымдар заңнама талаптарына сәйкес анықталып, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Күрделі жөндеу барысында ғимараттардың инженерлік желілері жаңартылып, шатырлары, қасбеттері, ішкі әрлеу жұмыстары, есік-терезелері, еден жабындары, жылыту, электрмен жабдықтау, су құбыры және кәріз жүйелері заманауи талаптарға сай жаңғыртылады. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі және санитарлық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Биыл күрделі жөндеумен қамтылатын білім беру нысандары:
– Ұлдарға арналған №1 оқу-инновациялық лицей-интернаты (371 орын);
– Хамза атындағы №42 жалпы орта мектебі (1710 орын);
– Қайнарбұлақ №106 жалпы орта мектебі (393 орын);
– Мұхтар Әуезов атындағы №96 жалпы орта мектебі (330 орын);
– А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейі (1781 орын);
– №46 мектеп-лицейі (1476 орын);
– №122 «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасы (370 орын).
Жөндеу жұмыстарының барлығы жаңа 2026–2027 оқу жылы басталғанға дейін аяқталып, білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде оқушылар мен педагогтерге заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында білім беру саласын дамыту, мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту және білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.


