Түркістан облысында екі жаңа мәдениет үйі ашылды

Түркістан облысында екі жаңа мәдениет үйі ашылды

Түркістан облысында мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, мәдениет саласын қолдау мақсатында жаңа мәдениет нысандары пайдалануға беріліп жатыр.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Сарыағаш және Келес аудандарында кітапханалары бар жаңа мәдениет үйлері ел игілігіне тапсырылды. Ашылу рәсімдеріне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.

Өңір басшысы мәдениет саласын дамыту – ұлттық руханиятты нығайтудың маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айнасы. Облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Жаңа мәдениет үйлері – елдің басын қосатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани орталықтар, – деді Нұралхан Көшеров.

Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет ауылында кітапханасы бар 75 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 291 миллион теңге бөлінген. Заманауи ғимаратта көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер мен қызметтік бөлмелер орналасқан.

Айта кетейік, Мәдениет ауылы өткен жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында ІІ орын алған. Сондай-ақ ауылда облыстық бюджет есебінен балаларға арналған спорт және ойын алаңшасы да салынған.

Ал Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық жаңа мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанда көрермен залы, кітапхана, конференц-зал, хореография кабинеті, шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге және жастардың өнерін дамытуға барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан өңірінде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде Сарыағаш ауданында бес, Келес ауданында төрт мәдениет үйі пайдалануға берілген. Сонымен қатар биыл Келес ауданында жаңа аудандық музейдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Салтанатты рәсімдер барысында ауыл ақсақалдары мен облыс әкімі жаңа мәдениет үйлерінің лентасын қиып, нысандарды ресми түрде пайдалануға берді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

«Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезі маңызды саяси шешімдер қабылданған алаң ғана емес, сонымен қатар азаматтармен байланыстың заманауи...

Қазақстанда автомобиль жолдарын дамыту тек көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта қоршаған ортаны қорғау, табиғи...