Қазақстан әлемнің ең беделді олимпиадасында бес алтын иеленді

Қазақстан әлемнің ең беделді олимпиадасында бес алтын иеленді
Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 2026 жылғы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова, Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Амирбек Азатбеков, Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы Илияс Қазымбек, Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Роман Черемнов, Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Дамир Құрман алтын медаль иегерлері атанды. 

Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының Астанадағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен Астананың инженерлік және...