Мемлекет басшысының елді газдандыру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бүгіннен бастап Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тағы 9 елді мекенінің тұрғындары табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Олар: Байғазы, Тастыбастау, Алтынемел, Ақбастау, Доланалы, Жаңалық, Жайнақ батыр, Шаған және Тастыөзек ауылдары, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба аясында 1 390 тұрғын үйде тұратын шамамен 6 мың тұрғынды табиғи газға қосуға мүмкіндік жасалды. Осылайша, ауданда газдандырылған елді мекендердің саны 22-ге жетті.
Кербұлақ ауданын газдандыру жобасы 2022 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді және Жетісу облысындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналады. Жалпы ұзындығы шамамен 500 шақырым болатын газ тарату желілерін салып, ауданның 25 елді мекенін газдандыру көзделген.
Бүгінде Жетісу облысының газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетті. Табиғи газ өңірдегі 110 елді мекеннің тұрғындарына қолжетімді. Іске асырылып жатқан жобалар толық аяқталғаннан кейін газдандырылған елді мекендердің саны 126-ға дейін артып, облыстың 500 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.


