2024-2025 жылдары министрлік шамамен 1,5 мың шақырым суару каналын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарын аяқтады. 2026 жылдың басында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылған 46 жоба толық аяқталды. Қазіргі уақытта тағы 21 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінге дейін жоспарланған 717 шақырымның 502 шақырымы реконструкциядан өтті.
Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында бүгінге дейін жоспарланған 635 шақырымның шамамен 600 шақырымы қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар биыл бірлескен «Климаттық өзгерістерге төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында 88 суару каналын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жалпы ұзындығы 968 шақырымды құрайтын, 65 мың гектар суармалы алқапты қамтитын 103 суару каналын автоматтандыру жұмыстары қолға алынды.
«Бұдан бөлек, бұған дейін реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ автоматтандыру элементтері мен суды есепке алудың заманауи жүйелерін енгізуді көздейтін 264 суару каналын реконструкциялау жобасы бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясындағы іс-шаралар жүргізілуде. Нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру көзделген», - деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.


