29 шілде мен 9 тамыз аралығында елорда Samruk-Kazyna қолдауымен өтетін ауқымды халықаралық «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турнирін қабылдайды. Осы ауқымды спорттық-цифрлық іс-шараның басты технологиялық серіктесі еліміздің ең ірі телекоммуникациялық операторы – «Қазақтелеком» АҚ болады. Ұлттық оператор командасы жарыс өтетін барлық алаңдарды өзара байланыстыратын және қатысушылар мен ұйымдастырушыларға, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрерменге үздіксіз байланыс ұсынатын жоғары жылдамдықты цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз етпек.
12 күн бойы 50-ден астам ұлттың өкілдерінен құралған 800-ден астам спортшы мен киберспортшы халықаралық клубтарға бірігіп, жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асатын сыйақыны сарапқа салады.
Қазақстан атынан турнирдің барлық сегіз түріненөнер көрсететін 11 команда қатысады.
Қатысушыларды, ресми делегациялар мен жарыс қонақтарын қарсы алып, олардың жұмысын үйлестіруге арнайы дайындықтан өткен 1300-ден астам ерікті жұмылдырылады.
Турнирдің ашылу салтанаты 29 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Көрермендерді танымал қазақстандық әртістердің өнерін жасанды интеллект графикасы, жарық проекциялары, LED-инсталляциялар және робототехникамен үйлестіретін ауқымды шоу күтеді.
Одан кейін негізгі жарыстар «Барыс Аренада», сондай-ақ Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында және Beeline Arena теннис орталығында өтеді.
Жарыстарды трибунадан тамашалай алмайтын көрермендер үшін Qazsport телеарнасы «Қазақтелекомның» техникалық мүмкіндіктерінің арқасында барлық оқиғаны тікелей эфирде үздіксіз көрсетеді.
Фиджитал спорттың ерекшелігі – дәстүрлі спорт пен бейнеойындарды біріктіруінде. Командалар әуелі виртуалды алаңда сынға түсіп, кейін нақты спорттық алаңда жарысты жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңдегі нәтижелердің жиынтығы бойынша анықталады. Турнир бағдарламасына еліміздің ірі брендтері мен серіктестері қолдау көрсететін сегіз дисциплина енген:
- Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna;
- Phygital Basketball Presented by Halyk Fund;
- Phygital Fighting Presented by Kazzinc;
- Phygital Dancing Presented by Solidcore Resources;
- Phygital Shooter CS2 Presented by Yandex GO;
- Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank;
- MOBA PC Dota 2 Presented by CenterCredit;
- MOBA Mobile MLBB Presented by FREEDOM.
Турнирге дайындық мемлекеттік органдар, халықаралық спорт ұйымдары, серіктестер және мыңдаған маманның қатысуымен жүргізілуде.
Samruk-Kazyna қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирін өткізу халықаралық фиджитал қозғалысының дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы жоғары әлеуетін көрсетеді. Ал осындай технологиялық тұрғыдан күрделі жобаны «Қазақтелеком» АҚ-ның инфрақұрылымдық тұрғыдан қолдауы отандық телекоммуникациялық инфрақұрылымның спорт пен жоғары технологиялар тоғысындағы ауқымды халықаралық іс-шараларды сапалы қамтамасыз етуге толық дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Жарыстың барлық күндеріне арналған билеттер Freedom Ticketon платформасында және Freedom SuperApp мобильді суперқосымшасында сатылымға шықты.


