Қазақстанда жыл басынан бері 250 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

Қазақстанда жыл басынан бері 250 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды
Елімізде жұмыспен қамту саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 249 598 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері 96 415 қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тұрақты жұмыс орындарына орналасқан азаматтар саны 30 мыңнан астам адамға артқан. Бүгінде жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс пен толық әлеуметтік кепілдіктерге ие болып отыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар еңбек нарығының құрылымында да оң өзгерістер байқалады. Бұрын жұмыспен қамтудың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарының үлесіне тиесілі болса, бүгінде басымдық ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуға берілуде. Уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін қысқарды. Бұл халықты жұмыспен қамтудың анағұрлым орнықты моделіне көшу үрдісін айғақтайды.

Тұрақты жұмыспен қамтудың артуы еңбек нарығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан кешенді мемлекеттік жұмыстың нәтижесі болып отыр. Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл кеңейтіліп, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының цифрлық сервистері жетілдірілуде, сондай-ақ экономиканың нақты сұранысына бейімделген кәсіптік оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары іске асырылуда.

Еңбек нарығындағы оң үрдіс негізгі көрсеткіштерден де көрініс табады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға жетіп, жалдамалы жұмыскерлер қатары шамамен 150 мың адамға ұлғайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%, ал жастар арасындағы 3% деңгейінде сақталуда.

Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың кәсіби біліктілігін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Негізгі міндет – әрбір қазақстандықтың тұрақты табыс көзіне айналатын, ресми еңбек қатынастары рәсімделген және лайықты еңбекақы төленетін жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Тұрақты жұмыс орындарын құру халықтың әл-ауқатын арттырудың, экономиканың орнықтылығын нығайтудың және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Цифрландыру жылы аясында Қазақстанның энергетика саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Энергетика министрлігі...

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені тиімділігін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі...