Түркістанда агродрон өндірісін іске қосуға бағытталған инвестициялық жоба Палатаның қолдауымен сүйемелденуде

Түркістанда агродрон өндірісін іске қосуға бағытталған инвестициялық жоба Палатаның қолдауымен сүйемелденуде

Түркістан облысында жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және отандық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан маңызды инвестициялық жобалардың бірі – «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған агродрон өндірісі. Бүгінде жоба өндірісті іске қосуға толық дайын болғанымен, әкімшілік рәсімдерге байланысты туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы арнайы жұмыс тобын құрып, инвестициялық жобаны толық сүйемелдеуге алды.

Осы мәселеге арналған жұмыс кеңесі Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында өтті. Кеңестің негізгі мақсаты – кәсіпорын қызметін бастауға кедергі келтіріп отырған әкімшілік рәсімдерді талқылап, оларды қолданыстағы заңнама аясында шешудің тиімді жолдарын айқындау болды.

Сауран ауданында орналасқан «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС ауыл шаруашылығына арналған Avatar AD80 агродрондарын шығаратын өндіріс орнын толық аяқтап, зауытты іске қосуға дайын. Бұл жоба өңірдегі жоғары технологиялық өндірістер қатарын толықтырып, аграрлық секторға заманауи шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа өндіріс отандық кәсіпкерліктің дамуына, инновациялық технологияларды енгізуге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық бастама болып саналады.

Алайда өндірісті іске қосу мемлекеттік органдар арасындағы рәсімдердің өзара байланысына қатысты әкімшілік мәселелерге байланысты уақытша кешеуілдеп отыр. Атап айтқанда, Азаматтық авиация әкімшілігі кәсіпорын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне (ҚТӨ) енгізілмегендіктен өндірістік инспекция жүргізуден бас тартқан. Өз кезегінде кәсіпорын ҚТӨ тізіліміне өтінім бере алмай отыр, себебі өндірілетін өнім қолданыстағы отандық тауар өндірушілер кодтарының тізбесіне енгізілмеген.

Осыған байланысты кәсіпорын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қажетті өзгерістер енгізу жөнінде ресми өтініш жолдап, қазіргі уақытта мәселе уәкілетті комитеттің қарауында. Бұл мәселенің оң шешілуі өндірісті іске қосуға және инвестициялық жобаны толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобаны сүйемелдеу аясында Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы мәселені ерекше бақылауға алып, оны шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Кеңеске Палата басшылығы, салалық бөлім мамандары, кәсіпорын өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сертификаттау департаментінің директоры мен кәсіпорынның заңгері онлайн форматта қатысып, мәселенің құқықтық тетіктерін бірлесіп талқылады.

Жұмыс барысында қолданыстағы заңнаманың талаптары жан-жақты сараланып, әкімшілік кедергілерді қысқа мерзімде жоюдың құқықтық және ұйымдастырушылық жолдары қарастырылды. Мұндай тәсіл инвесторлардың құқықтарын қорғауға және өндірістің уақытылы іске қосылуына мүмкіндік береді.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Палатаның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын цифрландыруға серпін беретін жоғары технологиялық өндіріс болып табылады. Сондықтан толық дайын тұрған зауыттың әкімшілік рәсімдерге байланысты кешігуіне жол бермеу маңызды.

Өз кезегінде Палатаның Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова мәселені шешудің құқықтық алгоритмі нақтыланғанын айтты. Қазіргі уақытта Палата мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, қажетті ұсыныстарды әзірлеуде. Сонымен қатар орталық аппаратпен бірлесіп СЭҚ ТН кодын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу үдерісін жеделдету және өндірістік инспекцияны қатар жүргізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Кездесу қорытындысында құрылған жұмыс тобына нақты міндеттер жүктеліп, уәкілетті мемлекеттік органдармен үйлестіру жұмыстарын күшейту туралы шешім қабылданды. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаны толық сүйемелдеуді жалғастырып, кәсіпорынның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізетін болады.

Мұндай қолдау шаралары Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсартуға, жоғары технологиялық өндірістердің дамуына және отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Инвесторлардың мәселелерін жедел шешу арқылы жаңа өндірістердің уақытылы іске қосылуына жағдай жасалып, өңірдің өнеркәсіптік және инновациялық әлеуеті нығая түсуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік...

ҰСБ алдын ала дерегіне қарағанда, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ-нің өсуі 4,1%. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің...

ҚР Премьер‑министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау мәселелері бойынша кеңес өтті,...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың әкесі Бақтыбай Алпамысовтың дүниеден өтуіне байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл...