Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнес өкілдерінің заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, өңір кәсіпкерлерін алаңдатқан екі маңызды мәселе қаралды.
Кеңес отырысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы сыртқы жарнама үшін төлемдерді есептеу кезінде туындаған құқықтық қайшылықтар мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жер пайдалану тарифтерінің өзгеруіне байланысты кәсіпкерлердің ұсыныстары талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, прокуратураның, салалық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және Кеңес мүшелері офлайн және онлайн форматта қатысты. Кеңес жұмысына төраға Орынбасар Кабиштаев жетекшілік етті.
Алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Сержан Сартбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Палатаға «Красный квадрат» жарнама бюросының басшысынан республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында орналасқан сыртқы жарнамаларға қосымша төлемдердің заңдылығына қатысты өтініш келіп түскен.
Кәсіпкер Атакент, Мырзакент және Асықата кенттерінде сыртқы жарнама конструкцияларын орналастырумен айналысады. Алайда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген тексеруден кейін Салық кодексінің 655-бабындағы жоғары мөлшерлемелер қолданылып, жергілікті атқарушы органдар 2024 жылдан бастап төлемдерді қайта есептеген. Соның нәтижесінде кәсіпкерге өткен кезеңдер үшін қосымша қаржылық міндеттемелер жүктелген.
Сонымен қатар, қайта есептеулер республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының елді мекендер арқылы өтетініне негізделгенімен, жарнамалық конструкциялардың дәл сол жолдардың бөлінген белдеуі аумағында орналасқанын растайтын құқық белгілейтін құжаттардың ұсынылмағаны айтылды. Осы жағдайдың салдарынан кәсіпкердің банктік шоттарына шектеу қойылып, қызметін жалғастыру үшін 2,5 миллион теңгеден астам қосымша төлем жасауына тура келген.
Кеңес мүшелері мемлекеттік кірістер органдарының, прокуратураның, жергілікті атқарушы органдардың және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдерінің пікірлерін тыңдап, құқық қолдану тәжірибесін біріздендіру үшін мәселені қосымша құқықтық тұрғыдан зерделеу қажет деген ортақ пікірге келді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова баяндама жасады. Оның айтуынша, Палатаға Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында туристік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерден ұзақ мерзімді жер пайдалану шарттарына жаңа тарифтердің қолданылуына байланысты бірнеше өтініш түскен.
Жүргізілген талдау барысында кәсіпкерлер мен ұлттық парк арасында 49 жыл мерзімге жасалған жер пайдалану шарттарының бар екені анықталды. Бұған дейін кәсіпкерлер әр гектар үшін айына 5 мың теңге төлеп келген болса, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы №232 бұйрығы күшіне енгеннен кейін төлем мөлшері әр гектарға 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Соның салдарынан кәсіпкерлердің шығындары бірнеше есеге өскен.
Мысалы, «Kaskasu Resort» ЖШС 232,2 гектар жерді пайдаланады. Бұрын кәсіпорын ай сайын шамамен 1 миллион теңге төлесе, жаңа тәртіпке сәйкес бұл сома 8 миллион теңгеге дейін ұлғайған.
Гүлназ Есетова жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижесінде Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі тарифтердің еліміздегі басқа ұлттық парктермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Мәселен, Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде тариф 3 АЕК, Ұлытауда 2,6 АЕК, Іле-Алатауында 2,4 АЕК, Баянауылда 2,3 АЕК, ал Көкшетау ұлттық паркінде 1 АЕК көлемінде белгіленген.
Кеңес мүшелері бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне №232 бұйрықтың қолданылуын қайта қарау, ұзақ мерзімді келісімдердің құқықтық тұрақтылығын сақтау және өңірлер арасындағы тарифтік айырмашылықтарды қайта зерделеу жөнінде ұсыныстар жолдауды қолдады.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Палата қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнестің тұрақты дамуы үшін заң талаптарының барлық кәсіпкерге бірдей әрі түсінікті қолданылуы, сондай-ақ инвестиция салған кәсіпкерлердің құқықтық тұрақтылығы қамтамасыз етілуі қажет.
Кеңес қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын болды. Бұл бастамалар әкімшілік кедергілерді азайтуға, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және Түркістан облысында отандық кәсіпкерліктің тұрақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.


