Түркістан қаласында кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, бизнесті жүргізу талаптарын түсіндіру және цифрлық сервистерді кеңінен енгізу мақсатында өңір кәсіпкерлеріне арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті және Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Жиында жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер, санитариялық қауіпсіздік талаптары және BusinessGO цифрлық экожүйесінің мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді заңнамадағы жаңашылдықтармен таныстыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру және бизнесті цифрландыру арқылы кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал ету. Мұндай кездесулер өңірдегі шағын және орта бизнестің тұрақты дамуына, кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жиынды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Әуелбеков жүргізді. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті болуы заңнамалық өзгерістерді дер кезінде меңгеріп, цифрлық шешімдерді тиімді пайдалануымен тығыз байланысты.
Алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары 2026 жылдан қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістерін таныстырды. Семинар барысында салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі жаңашылдықтар, кәсіпкерлер үшін қарастырылған жаңа талаптар мен жеңілдіктер кеңінен түсіндіріліп, бизнес өкілдерінің сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін дұрыс орындауына және заң талаптарын тиімді қолдануына бағытталған.
Келесі кезекте Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Қатысушыларға құтыру мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, санитариялық қауіпсіздік талаптары және кәсіпкерлік субъектілерінің осы бағыттағы міндеттері туралы толық ақпарат ұсынылды. Сарапшылар санитариялық талаптарды сақтау бизнестің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Семинардың негізгі бөлімдерінің бірі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген жаңа BusinessGO цифрлық экожүйесінің таныстырылымына арналды. Бұл – Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған бірыңғай цифрлық платформа. Жаңа экожүйе кәсіпкерлердің күнделікті жұмысында қолданылатын негізгі сервистерді бір ортаға біріктіріп, бизнес-процестерді жеңілдетуге және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер әртүрлі жеткізушілердің бірнеше цифрлық жүйесін қатар пайдаланып келеді. Соның салдарынан бірнеше жеке кабинетпен жұмыс істеуге, техникалық интеграцияларға және қосымша шығындарға тап болады. BusinessGO осы мәселелерді шешуге бағытталған. Платформа арқылы кәсіпкерлер барлық негізгі цифрлық қызметтерді бір жүйеде пайдаланып, бірыңғай техникалық қолдау алады және бизнесін тиімді басқара алады.
Экожүйе құрамына GreenKassa онлайн-кассасы, GreenMag тауарлық есеп және қойманы басқару жүйесі, Amian Business маркетингтік платформасы, GreenScan сервисі, Салық төлеуші паспорты, Tax Free қызметі, Findex аналитикалық жүйесі және фискалдық деректер операторының қызметтері енгізілген. Бұл құралдар кәсіпкерлерге сатылым көлемін арттыруға, операциялық процестерді автоматтандыруға, қаржылық есепті оңтайландыруға және бизнесті кез келген уақытта қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жиын барысында BusinessGO платформасының сауда саласының ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, заңсыз тауар айналымының алдын алуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған стратегиялық жоба екені атап өтілді.
Семинар барысында Ербол Әуелбеков жаңа цифрлық шешімдердің кәсіпкерлер үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда бизнестің бәсекеге қабілеттілігі цифрлық технологияларды қолдану деңгейімен тікелей байланысты. Сондықтан кәсіпкерлердің жаңа платформаның мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, жұмыс тиімділігін арттыруы маңызды.
Іс-шара соңында кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі, санитариялық талаптар және BusinessGO платформасын пайдалану тәртібі бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар мен Кәсіпкерлер палатасының мамандарынан толық түсіндірмелер алды. Осындай ақпараттық кездесулер Түркістан қаласында кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға және отандық бизнестің цифрлық трансформациясын жеделдетуге маңызды үлес қосып келеді.


