Өңірде ағымдағы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда -5,9 %-ға төмендеп, 2578-ден 2426-ға дейін азайды. Бұл құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстарының нәтижесін көрсеткенімен, жекелеген қылмыс түрлері мен кейбір өңірлердегі өсім алаңдаушылық туғызуда.
Статистикаға сәйкес, қылмыстың жалпы саны Арыс қаласында, Жетісай, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласында артқан. Сонымен қатар аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 52,6 %-ға көбейіп, 38-ден 58-ге жетті. Ең жоғары өсім Кентау, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Сауран және Келес өңірлерінде тіркелген.
Қылмыстың ауырлық санаттары бойынша ауырлығы орташа, онша ауыр емес және ауыр қылмыстардың саны азайғанымен, аса ауыр қылмыстардың көбеюі ерекше назар аударуды қажет етеді. Дегенмен қылмыстардың ашылу көрсеткіші де жақсарып, жалпы деңгейі 3,6 %-ға өсті.
Меншікке қарсы жасалатын құқық бұзушылықтар ішінде ұрлық -7,4 %-ға төмендегенімен, бірқатар аудандарда оның өсімі байқалады. Әсіресе телефон ұрлығы 23,1 %-ға, ал мал ұрлығы 40 %-ға артты. Мал ұрлығының ең жоғары өсімі Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби және Түлкібас аудандарында тіркелген.
Адамға қарсы жасалатын қылмыстар бойынша адам өлтіру фактілері 7,1 %-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 25 %-ға өскен. Ал адам өлтіруге оқталу деректері керісінше -14,3 %-ға төмендеген.
Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған қылмыстардың жалпы саны тиісінше -18,7 %-ға және -17,7 %-ға азайған. Соған қарамастан Түркістан қаласы мен бірқатар аудандарда бұл көрсеткіштердің өсуі тіркеліп отыр. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың басым бөлігі көшелерде, базарларда, дүкендерде және білім беру ұйымдарында жасалған.
Сондай-ақ интернет-алаяқтық -13,6 %-ға, есірткі қылмыстарының жалпы деңгейі -1,3 %-ға төмендеген. Алайда алкогольдік және есірткілік масаң күйде жасалған қылмыстар 10,1 %-ға, топпен жасалған қылмыстар 57,8 %-ға өсіп, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар да аздап 0,9 %-ға артқан.
Жалпы, өңірдегі криминогендік ахуалдың негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, аса ауыр қылмыстардың, мал ұрлығының, телефон ұрлығының және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың өсуі профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейтуді талап етеді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі
комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті
Өңірдегі қылмыстық ахуал: жалпы көрсеткіш төмендегенімен, жекелеген қылмыс түрлері өсуде


