Қала әкімі: «Құқық бұзушылықтың алдын алу – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті»

Қала әкімі: «Құқық бұзушылықтың алдын алу – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті»

Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев, полиция басқармасының басшысы Жасұлан Нысанбаев және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері мен жауапты сала өкілдері қатысты.

Алқалы жиында биылғы жылдың алғашқы алты айындағы криминогендік ахуал сараланып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер талқыланды.

Қала прокурорының орынбасары Нұркен Ағабековтың баяндауынша, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, Түркістан қаласы полиция басқармасы профилактикалық жұмыстардың нәтижелері жөнінде есеп берді.

Әзімбек Пазылбекұлы қылмыс деңгейінің төмендеуі оң көрсеткіш болғанымен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалған қылмыстардың болуы ерекше назар аударуды, алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді қажет ететінін атап өтті.

– Қылмыстың жалпы саны азайды деген көрсеткішке сүйеніп, арқаны кеңге салуға болмайды. Әрбір статистиканың артында адам тағдыры мен тұрғындардың қауіпсіздігі тұр. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалуы барысы да сараланып, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру, түнгі рейдтерді жүйелі ұйымдастыру, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Жиын қорытындысында Әзімбек Пазылбекұлы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, барлық мемлекеттік мекемелердің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ