Петропавл қаласында жаңа көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары енді подъезге кілт пен брелок қолданбай-ақ, бет-әлпетін тану арқылы кіре алады. «Қазақтелеком» АҚ қалада цифрлық домофон, бейнебақылау және смартфон арқылы қашықтан басқару мүмкіндігін біріктіретін «Ақылды тұрғын үй кешені» сынақ жобасын іске қосты. Жобаға жалпы саны 210 пәтерге есептелген екі жаңа тұрғын үйдің тұрғындары қатысып жатыр.
Face ID технологиясы тұрғындарға кілт, пластикалық карта немесе брелок қолданбай-ақ подъезге кіруге мүмкіндік береді. Жүйе тіркелген пайдаланушының бет-әлпетін танып, есікті автоматты түрде ашады. Сонымен қатар тұрғындар домофоннан бейнеқоңыраулар қабылдап, қонақтарға есікті қашықтан ашып, оқиғалар тарихын көріп, мобильді қосымша арқылы жүйені басқара алады.
«Еліміздің басқа қалалары секілді Петропавлда да GPON технологиясы негізінде оптикалық желіні дамытып жатырмыз. Соның арқасында тұрғындар заманауи цифрлық қауіпсіздік қызметтерін пайдалана алады. Бүгінде бұл жай ғана есік ашуға арналған құрылғы емес, қашықтан басқарылатын интеллектуалды жүйе. Негізгі функциялардың бірі – Face ID, яғни бет-әлпетті тану технологиясы. Ол подъезге кілт пен картасыз кіруге мүмкіндік береді. Біз үшін бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі, жайлылығы және сенімділігі», – дейді Солтүстік өңір бойынша коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директор Алена Ляпунова.
Заманауи жүйеге жаңа үйлердің тұрғындары оң баға беріп үлгерді.
«Ең ыңғайлысы – подъезге жақындағанда кілт немесе телефон іздеудің қажеті жоқ. Жүйе бет-әлпетті өзі танып, есікті ашады. Бұл ретте есік тек тіркелген тұрғындар мен олардың қонақтарына ашылады. Барлық функция смартфон арқылы қолжетімді, әсіресе курьер немесе қонақ күткен кезде өте ыңғайлы», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Серин.
Цифрлық домофонияны дамыту заманауи FTTH оптикалық желісінің құрылысының арқасында мүмкін болды. Бүгінде Петропавл қаласындағы алғашқы екі жаңа тұрғын үйді желіге қосу жұмыстары аяқталды, олардың инфрақұрылымы 800-ден астам абонентке есептелген. Жыл соңына дейін компания қаладағы тағы 23 көппәтерлі тұрғын үй кешенінде желіні пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернетпен қатар заманауи цифрлық қауіпсіздік сервистерін – интеллектуалды домофония, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелерін пайдалануға мүмкіндік береді.


