Шымкент қаласында өндірістің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі – үздіксіз электрмен жабдықтау. Өнеркәсіп кәсіпорындарының, өндірістік нысандардың және қызмет көрсету саласының қалыпты жұмыс режимі энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан электр энергиясын жеткізуге қатысты кез келген өзгеріс кәсіпкерлердің ғана емес, өңір экономикасының тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін.
Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, оған кәсіпкерлер, прокуратура өкілдері, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының мамандары, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында «Фиркан» және «Ақ Бура-555» кәсіпорындарының электр энергиясын беру тоқтатылуы мүмкін екендігі туралы хабарламаларға байланысты жолдаған өтініштері қаралды. Талқылау кезінде бұл мәселенің тек екі кәсіпорынға ғана емес, қаладағы 40-қа жуық кәсіпкерлік субъектісіне әсер етуі ықтимал екені айтылды.
Кәсіпкерлер электр энергиясының уақытша тоқтатылуы өндірістік процестердің үзілуіне, келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына, өнім шығару көлемінің төмендеуіне және қосымша қаржылық шығындардың пайда болуына алып келуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан мұндай мәселелерді бизнес өкілдерімен алдын ала келісіп, барлық ықтимал тәуекелдерді ескере отырып шешудің маңыздылығы атап өтілді.
Өз кезегінде «3-Энергоорталық» АҚ өкілдері жолданған хабарламалардың мақсаты тұтынушыларды электр желісінен ажырату емес екенін түсіндірді. Олардың айтуынша, мәселе мемлекеттік энергетикалық қадағалау органдарының талаптарына сәйкес жылу электр орталығының жабдықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты туындаған. Сонымен бірге кәсіпкерлер бұрынғы хабарламалардың мазмұны өндірістің тоқтатылуы мүмкін деген алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.
Талқылау нәтижесінде тараптар ортақ техникалық шешім қабылданғанға дейін аталған кәсіпорындардың электр энергиясымен жабдықталуы тоқтатылмайтыны жөнінде келісімге келді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтірмейтін техникалық шешімдерді бірлесіп әзірлеу, қайта қосылу рәсімдері мен мерзімдері туралы толық ақпарат беру және қол жеткізілген келісімдердің орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Сарапшылардың пікірінше, өндірістік кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету – өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен өнеркәсіптің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Мемлекеттік органдар, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және бизнес қауымдастығы арасындағы тиімді өзара іс-қимыл өндірістік тәуекелдерді азайтып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және Шымкент қаласының экономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.


