Шымкентте құрылыс саласындағы жаңа талаптар кәсіпкерлерге түсіндірілді

Шымкентте құрылыс саласындағы жаңа талаптар кәсіпкерлерге түсіндірілді

Шымкент қаласында құрылыс саласын реттейтін заңнаманың жаңаруы кәсіпкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін сапалы ұйымдастырудың маңызын арттыра түсті. Жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуімен жобалау, құрылыс жүргізу және нысандарды пайдалануға беру кезеңдеріне қойылатын талаптар нақтыланып, қауіпсіздік пен сапаға басымдық берілуде. Бұл өзгерістер құрылыс саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, құрылыс нысандарының белгіленген талаптарға толық сәйкес келуіне бағытталған.

Осыған байланысты Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылып, жаңа Құрылыс кодексі аясында бекітілген құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінің жаңа қағидалары талқыланды. Жиынға құрылыс саласының өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары және Өңірлік кеңес мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кәсіпкерлерге жобалау құжаттарын әзірлеу, рұқсат беру рәсімдерінен өту, құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды алу тәртібіндегі негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді. Мамандар жаңа талаптарды сақтаудың құрылыс жобаларын уақытылы аяқтауға және қосымша тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жиында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды беру тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Биылғы ақпан айынан бері Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне мұндай қорытынды алу үшін 182 өтініш түскен. Олардың нәтижесінде 4 нысанға оң қорытынды берілсе, 129 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар бірқатар өтініш иелері құжаттарын өз еркімен қайтарып алған, ал қалған өтініштер қаралу сатысында.

Мамандардың айтуынша, бас тартудың негізгі себептері – құжаттардың толық ұсынылмауы, жобалық шешімдердің қолданыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі және құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталмай тұрып қорытынды алуға өтініш беру. Осыған байланысты кәсіпкерлерге жобалау кезеңінен бастап барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтау ұсынылды.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа талаптарды іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар құрылыс саласындағы әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, құжаттарды сапалы әзірлеу және мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл орнату жолдары талқыланды.

Жиын қорытындысында Өңірлік кеңес мүшелері көшпелі отырыстар өткізуді жалғастыру жөнінде келісімге келді. Мұндай кездесулер кәсіпорындардың жұмысымен тікелей танысуға, тәжірибе алмасуға және бизнестің өзекті мәселелерін нақты өндіріс орындарында талқылауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа құрылыс талаптарын дұрыс түсіну мен уақтылы орындау құрылыс саласындағы тәуекелдерді азайтып, инвестициялық жобаларды тиімді әрі сапалы іске асыруға негіз болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҰСБ алдын ала дерегіне қарағанда, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ-нің өсуі 4,1%. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің...

ҚР Премьер‑министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау мәселелері бойынша кеңес өтті,...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың әкесі Бақтыбай Алпамысовтың дүниеден өтуіне байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл...

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің...