Шымкентте әлеуметтік инфрақұрылым, өндіріс және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкентте әлеуметтік инфрақұрылым, өндіріс және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық жобалар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, өндіріс орындарын қолдау, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және қалалық ортаны абаттандыру – мегаполистің тұрақты дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындарға жайлы орта қалыптастырумен қатар, қаланың инвестициялық және экономикалық әлеуетін нығайтуға да ықпал етуде.

Осы мақсаттағы жобалардың орындалу барысын Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында тексерді. Сапар аясында әлеуметтік, өндірістік және қоғамдық маңызы бар бірқатар нысандар араланып, олардың іске асырылу қарқынына баға берілді.

Алдымен қала басшысы Бозарық шағынауданында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа баспаналар мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға берілді. Мұндай әлеуметтік бағдарламалар тұрғындардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып, халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіретін «F&B Int.» кәсіпорнының қызметімен танысты. Заманауи өндіріс орны өңірдің тамақ өнеркәсібін дамытуға үлес қосып келеді. Кездесу барысында өндірістік қуатты ұлғайту, инвестициялық жобаны одан әрі дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Қаладағы жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Алтын Орда шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған гүлзар мен балалар ойын алаңының жай-күйі тексерілді. Мұнда көше жарығы орнатылып, орындықтар мен перголалар қойылған, 200-ден астам жасыл желек отырғызылып, балаларға арналған заманауи ойын алаңы пайдалануға берілген.

Сонымен қатар Тұран ауданындағы Ә. Қастеев көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының сапасы бағаланып, Ақтас тұрғын алабында салынған жаңа балалар ойын алаңы қаралды. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын бұл нысан ойын кешендерімен, спорттық жаттығу құрылғыларымен және воркаут алаңымен жабдықталған. Мұндай қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапарының соңында Желтоқсан көшесінде демеушілердің қолдауымен салынып жатқан жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылысы тексерілді. Жоба аясында көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарықтандыру және демалыс аймақтарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал етеді. Әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды кешенді дамыту Шымкенттің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, қаланың өмір сүруге қолайлы әрі инвестициялық тартымды мегаполис ретінде дамуын жалғастыруда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҰСБ алдын ала дерегіне қарағанда, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ-нің өсуі 4,1%. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің...

ҚР Премьер‑министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау мәселелері бойынша кеңес өтті,...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың әкесі Бақтыбай Алпамысовтың дүниеден өтуіне байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл...

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің...