Түркістан қаласында инвестициялық белсенділікті арттыру, жаңа өндірістерді іске қосу және отандық кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуде инвестициялық жобалардың маңызы артып отыр. Әсіресе өндіріс саласына бағытталған бастамалар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға нақты мүмкіндік береді. Осындай маңызды жобалардың бірі – гүлдер мен сәндік ағаш көшеттерін өсіруге арналған заманауи жылыжай кешенінің құрылысы.
Жобаның бастамасы «Turkistan Invest» өңірлік инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігінің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында қолға алынды. Іскерлік келіссөздердің нәтижесінде қытайлық Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd. компаниясы Түркістан облысына инвестиция салуға қызығушылық танытып, өңірге ресми делегациямен келді. Сапар барысында компания өкілі Луань Бинь «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевпен кездесіп, жобаны жүзеге асырудың негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысында екі тарап арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Түркістан облысында жоғары технологиялы жылыжай кешенін салу жөніндегі келісім бекітілді. Бұл құжат өңірге тартылатын ірі инвестициялардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 13 миллиард теңгені құрайды. Жоспарға сәйкес, 2026–2027 жылдары 50 гектар аумақта заманауи көшет өсіру кешені бой көтереді. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдегі еңбек нарығының тұрақтылығын нығайтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді.
Жылыжай кешені бірнеше бағытты қамтиды. Мұнда сәндік ағаш көшеттері мен гүлдер өсірілетін өндірістік аймақтар, арнайы көрме орталығы, сауда алаңы, өндірістік кешен және халықаралық экологиялық талаптарға сәйкес келетін автотұрақ салынады. Мұндай кешен өндірістен бастап өнімді өткізуге дейінгі толық циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл жоба ең алдымен отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жылыжай кешенінің айналасында логистика, құрылыс, көгалдандыру, көлік қызметі, қойма шаруашылығы, сауда және сервистік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін көптеген жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Өндіріс іске қосылған сайын шағын және орта бизнес субъектілері жаңа серіктестік байланыстар орнатып, қызмет көлемін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Бүгінде Түркістан қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қалада жаңа саябақтар, аллеялар, қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын үй кешендері салынып, жасыл аймақтардың көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Осыған байланысты гүлдер мен сәндік көшеттерге деген сұраныс тұрақты түрде өсуде. Жаңа өндіріс бұл қажеттілікті жергілікті өнім арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, сырттан әкелінетін көшеттердің көлемін азайтады. Бұл өз кезегінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – өндірісте заманауи технологияларды пайдалану. Инвестор автоматтандырылған басқару жүйелерін, энергияны үнемдейтін жабдықтарды, климатты бақылау технологияларын және тиімді суару жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай шешімдер өндіріс өнімділігін арттырып қана қоймай, өнім сапасының халықаралық талаптарға сай болуына мүмкіндік береді.
Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd. – құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, өндірістік нысандар салу, металл конструкциялары және экологиялық инжиниринг бағытында халықаралық тәжірибесі бар компаниялардың бірі. Осындай ірі инвестордың Түркістанды таңдап, ұзақ мерзімді жобаға қаржы салуы өңірдің инвестициялық тартымдылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өндірістік жобалар тек бір кәсіпорынның іске қосылуымен шектелмейді. Олар өңірде жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына, қызмет көрсету саласының дамуына, көлік және логистика бағытындағы кәсіпкерліктің кеңеюіне, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалардың келуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттырады.
Түркістан қаласында инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Заманауи жылыжай кешенінің құрылысы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қазақстандық өнімнің үлесін көбейтуге, импортты алмастыруға және отандық кәсіпкерліктің тұрақты дамуына елеулі үлес қосатын стратегиялық маңызы бар инвестициялық жоба болмақ.


