Бүгінде еліміздегі 33 елді мекен Абай есімімен аталады. Қазақстанның әр өңірінде Абай атындағы 1231 көше, даңғыл және өзге де нысан мен 125 мекеме бар.
Ақынның аты еліміздегі бірқатар мәдениет және білім ошағына берілген. Олардың қатарында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бар. Алматыдағы Абай ұлттық мектебінің оқу-тәрбие жұмысына «Толық адам» ілімі арқау болған.
Ұлы ойшылға деген құрмет ескерткіштер мен мүсіндер арқылы да айшықталған. Қазақстанда Абайға арналған 55 нысан бар. Оның 27-сі – ескерткіш, 28-і – бюст. Мұндай нысандар еліміздің барлық дерлік аймағында кездеседі. 1961 жылы Алматыда қойылған Абай ескерткіші республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген. Оннан астам нысан жергілікті маңызы бар ескерткіш санатына жатады.
Абай мұрасы әлемнің көптеген елінде де кеңінен танылған. Ойшылға арналған ескерткіштер, бюсттер мен өзге де нысандар 20-дан астам мемлекетте қойылған. Атап айтқанда, олар Ресей, Германия, Франция, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия және Орталық Азия елдерінде орналасқан. Рио-де-Жанейродағы Абай бюсті – Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығында ойшылға арналған алғашқы нысан.
Әлемнің қалаларында да Абай есімі ұлықталған. Кемінде тоғыз қалада ақын атындағы көшелер бар. Оның есімі Қырыққале және Ыстанбұлда даңғылдар мен алаңдарға, Ереван және Түркияның бірнеше қаласында саябақтарға берілген.
Абай мұрасын танытатын мәдени-ағартушылық орталықтар шетелде де бар. 2025 жылы Ош қаласында Абай музейі ашылып, бір көшеге ақынның есімі берілді. Қазанда Абай атындағы Қазақ тілі мен мәдениетінің ғылыми-білім беру орталығы, Бішкекте Абай атындағы Қырғыз-қазақ мәдени орталығы және Түркияның Конья қаласында Абай үйі ашылған.
Бүгін Қазақстанның барлық аймағында Абай күніне арналған түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Республика бойынша концерттер, әдеби-сазды және поэзия кештері, көрмелер, сондай-ақ танымдық жобалар ұйымдастырылады. Музейлер мен білім ошақтарында да Абай мұрасын дәріптейтін мазмұнды іс-шаралар бар. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында ұлы ойшылдың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады.


