Құрылтай сайлауына орай Түркістан облысында сайлау учаскелеріне келген тұрғындар үшін «Аквагрим» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара Қазығұрт ауданындағы №266 және Түркістан қаласындағы №105 сайлау учаскелерінің маңында өтті. Акция барысында балалардың бетіне түрлі бейнелер мен ұлттық нақыштағы өрнектер салынды.
Балаларға арналған бұл бастама сайлау күнінің мерекелік көңіл-күйін арттырып, отбасымен бірге келген тұрғындарға көтеріңкі атмосфера сыйлады. Түрлі-түсті бояулармен безендірілген бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше естелікке айналды. Сайлау учаскелерінде ұйымдастырылған осындай мәдени-шығармашылық шаралар азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып, маңызды күннің мазмұнын толықтыра түсті.
Айта кетейік, Қазығұрт ауданында 61 сайлау учаскесі бар. Аудан бойынша 65 525 сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Ал Түркістан қаласында 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қала бойынша 136 602 сайлаушы тіркелген.

