Freedom Holding Corp. компаниясы COP31 конференциясы аясында «Міндеттемелерден инвестицияларға: тұрақты дамуды іске асыру жолдары» атты панельдік сессия барысында аралас климаттық қаржыландыру және әлеуметтік бастамалар бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Freedom Holding Corp. компаниясының тұрақты даму және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Бағлан Мусина іс-шараның модераторы әрі негізгі спикері болды, деп хабарлайды No-comment.kz – Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде Бағлан Мусина компанияның өңірдегі экологиялық проблемаларды шешу үшін финтех құралдарын интеграциялау жөніндегі практикалық тәжірибесімен таныстырды:
Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру. «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Арал теңізінің құрғаған табанының экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылды. Аралас қаржыландыру көздерін пайдалану және жұртшылықты жобаға тарту мақсатында Freedom компаниясы арнайы «Аралды сақта» дебеттік картасын іске қосты. Карта бойынша есептелген кешбэк өңірді қалпына келтіру жұмыстарына бағытталады.
Eco Aul жобасы. Қазақстанның Қызылорда облысындағы Жіңішкекұм ауылында пилоттық жоба аясында тұрғындар тазартылған ауызсумен қамтылды. Жергілікті мектеп күн панельдері арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етіліп, Starlink жүйесі арқылы интернетке қол жеткізді.
Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл алғашқы екі жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Бағдарламаны қолдау мақсатында Freedom компаниясы кешбэк қаражатын осы жобаға аудару тетігі көзделген тұран жолбарысына арналған дебеттік картаны шығаруды да жоспарлап отыр.
Freedom компаниясы БҰҰ-ның Жаһандық шартының қатысушысы болып табылады және өз қызметінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға үлес қосып келеді.
Экологиялық жобалармен қатар, «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы ауқымды бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Білім беру жобаларының қатарына Freedom компаниясының еліміздің өңірлік жоғары оқу орындарындағы гранттары, стипендиялары мен тәлімгерлік бағдарламалары жатады.
«Teach for All» жаһандық бастамасының құрамына кіретін «Teach for Qazaqstan» жобасы әртүрлі салаларда жұмыс істейтін мамандарды қайта даярлап, оларды педагог кадрлар тапшылығы байқалатын өңірлерге мұғалім ретінде жіберуді көздейді.
«Uni Football League» инклюзивті футбол жобасы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған футбол секцияларының жұмысын ұйымдастырады.
Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Русланұлы Турлов Қазақстанның жасөспірімдер футбол лигасы – Freedom QJ League қамқоршылық кеңесін де басқарады. Сонымен қатар ол Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті болып табылады.
Freedom компаниясының спорт саласына жүйелі түрде демеушілік қолдау көрсетуі спорт түрлерінің дамуына және Қазақстанда сапалы спорт резервін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Біздің бизнесіміз адамдардың қаржыға, нарықтарға және қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге негізделген. Алайда адамдардың мүмкіндіктері қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей байланысты: экожүйелердің тозуы халық денсаулығының нашарлауына және табыс көздерінің қысқаруына әкеледі. Біздің тәжірибеміз корпоративтік ресурстарды, финтех инфрақұрылымын және клиенттердің белсенді қатысуын ұштастыру нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Келесі қадам – халықаралық климаттық қаржыландыру тетіктерін тарта отырып, серіктестік негізінде осындай шешімдердің ауқымын кеңейту», – деп атап өтті Freedom Holding Corp. компаниясының тұрақты даму және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Бағлан Мусина.
Пікірталасқа халықаралық климаттық қаржыландыру институттарының, оның ішінде Жасыл климаттық қордың, БҰҰ-ның Жаһандық шартының, қаржы инфрақұрылымы және бизнес-консалтинг саласының өкілдері қатысты.
Қатысушылар экологиялық және әлеуметтік міндеттемелерді қоғам мен бизнеске ұзақ мерзімді пайда әкелетін, инвестициялық тұрғыдан тартымды жобаларға айналдыру тетіктерін талқылады.
Сессияға қатысушылар жеке капиталдың, БҰҰ институттарының сараптамалық әлеуеті мен мемлекеттік қолдауды үйлестіру климаттық декларациялардан нақты жергілікті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі фактор деген ортақ пікірге келді.


