Семейде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жаңа кезеңге өтті

Семейде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жаңа кезеңге өтті

Семейде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Қала көшелеріне алғаш рет толық электр қуатымен жүретін 15 заманауи электробус шығарылмақ. Жаңа көліктер әлеуметтік маңызы бар №10 және №45 бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсетеді.

«Bus Group» ЖШС сатып алған «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы электробустардың әрқайсысы 90 жолаушыға есептелген. Электр қозғалтқышы бір қуаттаумен 350 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Салонда 26 отыратын орын, 30 000 kcal/h өнімділігі бар кондиционер, жеті жылыту радиаторы және жолаушыларға арналған USB порттары қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көлікке кедергісіз кіріп-шығуы үшін механикалық пандус орнатылған.

Қауіпсіздік талаптары да назардан тыс қалмаған. Электробустардың іші мен сырты алты интеллектуалды бейнебақылау камерасымен қамтылған. Батарея және жылытқыш бөлімдерінде орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесі бар, сондай-ақ әр көлікте екі өрт сөндіргіш қарастырылған.

Облыс әкімі Берік Уәли жаңа электробустармен танысып, қоғамдық көлік паркін жаңарту жалғасатынын атап өтті. Жыл соңына дейін қалаға қосымша 50-ге жуық автобус сатып алу жоспарланған. Соның нәтижесінде Семейдің автопаркі 100-ден астам жаңа автобуспен толығады.

Бұл жұмыс бір күндік бастама емес. Былтырдың өзінде қаладағы қоғамдық көлікті жаңарту үшін 62 автобус сатып алынды. «Bus Group» компаниясы алдағы уақытта тағы 5 электробус алуды көздеп отыр. Электр көліктерінің іске қосылуы Семейдегі қоғамдық көлік сапасын арттырып қана қоймай, қалалық инфрақұрылымды заманауи талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Жаңарту тұрғындардың күнделікті қозғалысын қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталған.

Жаңа автобустардың экологиялық артықшылығы да маңызды. Толық электр қуатымен жұмыс істейтін көлік дәстүрлі отын пайдаланбайды. Бұл қоғамдық көлік саласында экологиялық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге жол ашады. Сонымен бірге жаңа техниканың маршруттарға шығуы қозғалыс кестесін тұрақтандыруға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет деңгейін көтеруге ықпал етуі тиіс.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...