Абай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту ауқымы кеңейіп келеді

Абай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту ауқымы кеңейіп келеді

Абай облысында елді мекендерді сапалы интернетпен қамту және заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі 326 елді мекеннің 322-сі ауылдық аумаққа жатады. Қазір 260 ауыл сымды және мобильді интернетке қосылған.

«Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім бойынша 178 ауылды талшықты-оптикалық және спутниктік байланыспен қамту басталды. Жалпы 2 352,1 шақырым талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып, жыл соңына дейін 86 ауылды жаңа желіге қосу көзделген.

Байланыс сапасын жол бойында да жақсарту маңызды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автожолдарда 40 антенна-діңгек құрылымы салынбақ. Қазір 36 жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың оң қорытындысын алды.

Алакөл жағалауында алғаш рет талшықты-оптикалық желі тартылып, 150-ден астам демалыс орны интернетпен қамтылды. Мұнда екі қосымша антенна-діңгек құрылымы салынып, 224 интеллектуалды камера іске қосылды. Жасанды интеллект көмегімен маусым басталғалы жоғалған 100-ден астам бала ата-анасына табысталған.

Цифрлық білім беру де назарда. Семейдегі Оқушылар сарайында «Tomorrow School» жобасы жұмыс істейді, ал 12–18 жастағы жасөспірімдер үшін «TUMO» халықаралық орталығын ашу пысықталуда.

Облыс әкімі Берік Уәли бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерімен сабақтас екенін атап өтті. Жаңа инфрақұрылым ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартып, білім, бизнес және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұрақты интернет туристік аумақтардың тартымдылығын арттырып, қауіпсіздік жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне негіз болады. Бұл өңірдің әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды қадам.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...