Абай облысында ағашты қалдықсыз өңдейтін жаңа өндірістік парк салынады

Абай облысында ағашты қалдықсыз өңдейтін жаңа өндірістік парк салынады

Абай облысында ағаш шикізатын терең әрі қалдықсыз өңдеуге бағытталған «EcoForest» өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды. Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді пайдаланып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы инвестиция көлемі 67 миллион АҚШ долларын құрайды. Семейде 50 гектар аумақта негізгі индустриялық-экологиялық парк, Бородулиха ауданының Михайловка ауылында 4 гектар жерде бастапқы өңдеу кешені салынады.

Семейдегі кәсіпорын жылына 2 миллион текше метрге дейін шикізат өңдеп, 800–900 мың текше метр дайын өнім шығаруға есептелген. Мұнда OSB, FOSB және басқа тақталар, жиһаз өнімдері, еуропаллеттер, ағаш пеллеттері, биоотын мен органикалық тыңайтқыштар өндіріледі. Михайловкадағы кешен жылына 500 мың текше метр ағаш өңдеп, 120–150 мың тонна пеллет шығара алады.

Өндіріс толық автоматтандырылып, қалдықтарды қайта пайдалану қағидаты енгізіледі. Бұл орман аумақтарын санитарлық тазартуды жеделдетіп, шикізаттың әр бөлігін тиімді игеруге жағдай жасайды.

Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Толық қуатына шыққанда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады, қызметкерлердің 90 пайызы жергілікті тұрғындардан іріктелмек.

Өнім Қазақстанмен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония және Оңтүстік Корея нарықтарына экспортталады. Биыл облыста жалпы құны 131,2 млрд теңгелік 41 инвестициялық жоба жоспарланып, 3263 жұмыс орнын ашу көзделген.

«EcoForest» жобасы өңірде табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен заманауи өңдеу өнеркәсібін ұштастыратын жаңа өндірістік бағыт қалыптастырады. Сонымен бірге экспорттық әлеуетті арттырып, өрттен зақымданған ағашты экономикалық айналымға қайтаруға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...