Семейде тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мен аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары ауқымды түрде қолға алынды. Биыл қала бойынша 100-ге жуық аулаішілік жолды жаңарту жоспарланып отыр. Бұл көп жылдан бері қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
Қазір облыс орталығындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына жаңа асфальт төселді. Тағы 10 аумақта жөндеу басталған. Иртышская көшесіндегі үйлердің бірінде жиек тастар жаңартылып, жол жабыны ретке келтірілді.
Физкультурная көшесі, 9/2 мекенжайында бірден алты көпқабатты тұрғын үйдің аумағын қамтитын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін көктемде еріген қар суы аулаға жиналып, үйлерге кіріп-шығуды қиындатқан.
Қаржаубайұлы көшесі, 243 мекенжайындағы аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы кешенді жаңғыртылуда. Мұнда 600-ге жуық адам тұрады. Жоба аясында балалар ойын алаңы, спорт және футбол алаңдары салынып, аумақ тұрғындардың күнделікті демалысына бейімделуде.
Облыс әкімі Берік Уәли жөндеу сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, бұған дейін негізгі көшелерді жөндеуге басымдық беріліп, көптеген аулаішілік жолдар назардан тыс қалған.
Аулаларды кешенді жаңарту тек асфальт төсеумен шектелмейді. Балалар мен спорт алаңдарының салынуы, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдайдың жасалуы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Биылғы жұмыстар Семейдегі тұрғын үй инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналмақ.


