Мақаншы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс іске қосылды. Аудан орталығында «DI-NUR» ЖШС-нің күнбағыс майын өндіретін заманауи зауыты жұмысын бастады.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын өндіруге, 500 тоннаға дейін күнбағыс дәнін тазалауға және құрама жем шығаруға қауқарлы. Өндірісте 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны құрылды.
Зауыттың іске қосылуы өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын шикізат күйінде өткізбей, дайын өнімге дейін өңдеуге мүмкіндік береді. Мақаншы ауданының Қытаймен шекаралас орналасуы кәсіпорын үшін экспорттық бағыттарды дамытуға да қолайлы жағдай қалыптастырады.
Облыс әкімі Берік Уәли жобаның Мемлекет басшысы айқындаған агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеу және бәсекеге қабілетті экспорттық тауарлар шығару міндеттерімен сабақтас екенін атап өтті.
Биыл Абай облысында агроөнеркәсіп кешенінің Жол картасы бойынша жалпы құны 23,7 млрд теңге болатын алты ірі агрожоба жоспарланған. Ақпан айында бұршақты және майлы дақылдарды өңдейтін «Агролидер KAZ» зауыты іске қосылды. Сондай-ақ 8,3 млрд теңгеге тазартылған май өндірісін, 7,7 млрд теңгеге ірі ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу көзделген.
2031 жылға дейін облыстың агроөнеркәсіп саласында 90 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мақаншыдағы жаңа зауыт осы өндірістік тізбектің маңызды бөлігіне айналып, жергілікті шаруалардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ауылдағы жұмыспен қамтуды арттырып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайтуға және аудан экономикасын әртараптандыруға қосымша серпін береді.


