Абай облысында жаңартылған күре жолдарды сақтау шаралары күшейтіледі

Абай облысында жаңартылған күре жолдарды сақтау шаралары күшейтіледі

Абай облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесінен қорғау шаралары күшейтіледі. Өңірдегі күре жолдардың жалпы ұзындығы 2175 шақырымды құрайды. Қазір оның 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық, 24 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Соңғы екі жылда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарында 583 шақырым жол жаңартылды. Бұдан бөлек 258 шақырымға асфальт төселіп, биыл тағы 154 шақырым жолда орташа жөндеу жүргізілуде.

Сонымен бірге республикалық жолдардың 710,5 шақырымы кен, қиыршық тас, құм-қиыршықтас қоспасы мен басқа материалдарды тасымалдайтын ауыр техниканың тұрақты қозғалыс аймағына айналған. Рұқсат етілген салмақтан асатын көліктерден келген алдын ала залал шамамен 206 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Облыс әкімі Берік Уәли тұрғындардан ауыр көліктердің жолдарды бүлдіруіне қатысты шағымдар жиі түсетінін айтып, бақылауды күшейтуді тапсырды. «ҚазАвтоЖол», көліктік бақылау инспекциясы және полиция бірлескен рейдтер ұйымдастырмақ.

Қазір жолдардың 691 және 783 шақырымдарында автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау станциялары жұмыс істейді. Алайда кейбір жүргізушілердің оларды рұқсатсыз салынған жолдармен айналып өту фактілері анықталған.

Алдағы уақытта заңсыз кірме жолдарды кезең-кезеңімен жою, жүк тасымалдаушылардың салмақ талаптарын сақтауын бақылау және қажет болған жағдайда арнайы техникалық жолдар салу қарастырылады. Бұл шаралар жаңартылған жолдардың қызмет мерзімін ұзартып, бюджет қаражатына салынған инфрақұрылымды сақтауға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...