Шымкенттің құрылыс бизнесі жаңа талаптарға бейімделуде

Шымкенттің құрылыс бизнесі жаңа талаптарға бейімделуде

Шымкентте құрылыс саласындағы кәсіпкерлер үшін сапа, қауіпсіздік және техникалық бақылау мәселелерінің маңызы артып келеді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексінің қолданысқа енгізілуі саладағы жұмыс тәртібіне жаңа талаптар қойып отыр. Осы өзгерістер Шымкенттегі құрылыс компаниялары үшін де өзекті.

Жаңа талаптарды түсіндіру және құрылыс кезінде туындайтын тәуекелдерді талқылау мақсатында Шымкенттегі «Атамекен» алаңында сала мамандары мен кәсіпкерлердің қатысуымен кездесу өтті. Онда техникалық қадағалау, инженерлік жүйелер және жалпы құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде кездесетін тәуекелдер қарастырылды.

Жаңа жағдайда техникалық қадағалаудың жауапкершілігі күшейеді. Құрылыс барысында жіберілген кемшілік кейін нысанды қайта жөндеуге, қосымша шығындарға немесе жұмыстың созылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер үшін мәселені құрылыс аяқталғаннан кейін шешуден гөрі, тәуекелдерді бастапқы кезеңде анықтау тиімді.

Құрылыс кодексінде қала құрылысы жобаларына қойылатын талаптар да нақтыланған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын қоса алғанда, қала құрылысы жобалары міндетті сараптамадан өтеді. Салынып жатқан әр нысанға бірегей сәйкестендіру нөмірін беру және жобалардың жүзеге асырылуын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі арқылы бақылау қарастырылған.

Шымкент үшін сейсмикалық қауіпсіздік талаптарының күшеюі де маңызды. Жаңа нормалар сейсмикалық тәуекелдерді бағалауды, заманауи қорғаныс технологияларын қолдануды және қауіпті аумақтардағы құрылысқа қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.

Қала құрылысы құжаттарын әзірлеуде дизайн-код, сәулеттік стиль, ғимараттардың қабаттылығы мен түстік шешімдері де ескерілетін болады. Бұл құрылыс компанияларынан жобаны жоспарлау кезеңінің өзінде жаңа талаптарды жан-жақты есепке алуды қажет етеді.

Жаңа ережелер құрылыс бизнесі үшін жауапкершілікті арттырғанымен, нарықтағы сапалы бәсекені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Талаптарды дұрыс сақтайтын компаниялар техникалық және қаржылық тәуекелдерін азайтып, тапсырыс берушілер алдындағы сенімділігін күшейте алады.

Шымкентте құрылыс көлемі мен жаңа жобалар саны артқан жағдайда сапаны бақылаудың тиімді жүйесі ерекше маңызға ие. Сондықтан жаңа Құрылыс кодексіне бейімделу жергілікті кәсіпкерлер үшін тек заң талаптарын орындау емес, құрылыс сапасын арттыру мен бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шартына айналып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан...

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келген Лаос Халық Демократиялық Республикасының...