Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қою бойынша басқару органдарының, азаматтық қорғау қызметтері күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Аумақтық оқу-жаттығулар өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, екі кезеңде ұйымдастырылады. Бірінші кезең еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде өтуде. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – халықтың қауіпсіздігін, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларға жедел ден қою бойынша барлық қызметтердің дайындығын арттыру, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Абай облысында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтерінің, коммуналдық және жол ұйымдарының, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының дайындығы пысықталды. Электр, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің үздіксіз жұмысына, автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға, көлік қатынасының үздіксіздігін қамтамасыз етуге, авариялық қызметтердің дайындығына, халықты құлақтандыру жүйесінің жұмысына және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығы бағаланып, шартты төтенше жағдайларды жою бойынша практикалық іс-шаралар өткізілді.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Оқу-жаттығу барысында Қорғалжын – Арықты – Сабынды автожолында болған жол-көлік оқиғасының салдарын жою, Қорғалжын – Астана автожолындағы қар құрсауынан адамдарды құтқару, сондай-ақ аудандық қазандықтағы авариялық жағдай кезінде өртті сөндіру және жарылу қаупінің алдын алу бойынша практикалық тапсырмалар пысықталды. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша азаматтық қорғау қызметтері қысқы кезең жағдайында өзара іс-қимылдың үйлесімділігін, жеделдігін және қойылған міндеттерді орындауға дайындығын көрсетті.
Астана қаласында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Бірінші кезең теориялық форматта ұйымдастырылды. ТЖД базасында азаматтық қорғау қызметтерінің басшыларының баяндамалары тыңдалып, қысқы кезеңде төтенше жағдайлар туындаған кездегі өзара іс-қимыл мәселелері мен әрекет ету алгоритмдері қаралды. Екінші кезең практикалық форматта өтті. Жеке құрамның саптық байқауы, арнайы, авариялық-құтқару және коммуналдық техниканың, сондай-ақ қысқы жағдайда жұмыс істеуге арналған жабдықтардың дайындығы тексерілді. № 29 орта мектеп базасында зардап шеккен халықты қабылдау пункті орналастырылды. Оқу-жаттығу барысында жеке құрамның дайындығы, техника мен жабдықтардың жарақтандырылуы, сондай-ақ қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларға ден қою кезінде қызметтердің өзара іс-қимылының үйлесімділігі бағаланды.
Шығыс Қазақстан облысында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою кезінде басқару органдары мен азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылы пысықталды. Оқу-жаттығуға қатысушылар облыстық жедел әрекет ету жасағының оқиға орнына жедел шығуға дайындығын тексеріп, жылумен жабдықтау нысанындағы қазандықтың электр жабдықтарының жануымен қатар жүрген техногендік аварияны жою кезіндегі өзара іс-қимылды пысықтады. Сонымен қатар «Өскемен – Тарғын – Самар» автожолының 98-шақырымында екі қар көшкінінің жүруі модельденді. Соның салдарынан қар астында жолаушылары бар автокөлік қалып, балалар мінген автобус қар үйінділерінің арасында бұғатталған. Құтқарушылар кинологиялық есептоптарды тарта отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, адамдарды эвакуациялады. Апаттар медицинасы орталығының мамандары зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті, ал жол қызметтері автожолды қардан тазартты. Мұндай оқу-жаттығулар өңірдің төмен температура, боран және қар көшкіні қаупімен сипатталатын күрделі климаттық жағдайларын ескере отырып, жыл сайын өткізіледі. Жедел ден қою үшін облыста 3 360 адамнан тұратын жеке құрам мен 905 бірлік техника, оның ішінде өтімділігі жоғары 128 техника жұмылдыруға дайындалған. Бұдан бөлек, «Өскемен – Семей» республикалық автожолының бойындағы Ұлан ауданының Привольное ауылында Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.
Батыс Қазақстан облысында «Қыс-2026» командалық-штабтық іс-шарасы өткізілді. Дайындық жұмыстары барысында 40 тапсырма пысықталды, оның ішінде 39-ы практикалық және 1-еуі теориялық болды. Аудандық бөлімшелердің аумақтық штабтарының жұмысына бақылаушылар тартылып, олар қатысушылардың іс-қимылдарын тікелей бақылап отырды.
Павлодар облысында «Қыс-2026» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Облыс қалалары мен аудандарында 68 тапсырма пысықталды. Практикалық кезеңнің негізгі бөлігі Павлодар қаласының Атамекен кентінде ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша ауа температурасының күрт ауытқуы, қатты жел және көктайғақ салдарынан электр беру желілері зақымданып, 60 жеке тұрғын үй электр қуатынсыз қалған. Сонымен қатар республикалық автожолда қар құрсауы пайда болып, 55 жолаушысы бар 24 автокөлік бұғатталған жағдай модельденді. Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті және оларды эвакуациялауды ұйымдастырды. Бұл жұмыстар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, теміржол көлігін пайдалану арқылы да жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, теміржол жолдарын қардан тазарту және жылыту пунктін орналастыру жұмыстары пысықталды. Өңірде болуы мүмкін төтенше жағдайларды жою үшін 2 212 адам мен 1 073 бірлік техникадан тұратын азаматтық қорғау күштерінің тобы дайындалды. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы шамамен 16 мың адамды құрайтын 189 жылыту пункті әзірленді. Қысқы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін ТЖД қарамағында өтімділігі жоғары 51 бірлік техника бар. Өткізілген оқу-жаттығулар қысқы ауа райының күрделі жағдайында шұғыл қызметтердің дайындығын тексеруге, халықты қорғау және эвакуациялау бойынша өзара іс-қимылды пысықтауға мүмкіндік берді.
Осындай оқу-жаттығулар еліміздің басқа да өңірлерінде өткізілді.


