HackAlem AI қатысушылары жеке AI-шешімдерін әзірлеп, іске қосу үшін жалпы құны 1 млн долларға дейінгі OpenAI технологиялық ресурстарын пайдалана алады. Жеңімпаздарға қосымша 100 мың доллар көлеміндегі OpenAI API-токендері табысталады, ал хакатонның жалпы ақшалай жүлде қоры 100 мың долларды құрайды. Осылайша, HackAlem AI жүлделері мен технологиялық ресурстарының жалпы құны 1,1 млн долларға жетеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының төрінде өтеді.
Тіркелу басталды. Қатысуға өтінімді hackalem.ai сайты арқылы беруге болады.
«Қазақстанда HackAlem AI хакатонын өткізу – еліміздің AI-экожүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз Қазақстан мен өзге елдердің әзірлеушілеріне озық технологияларды игеріп, жаңа шешімдер әзірлеуге және оларды әлемдік нарыққа шығаруға толық жағдай жасап отырмыз. Басты мақсатымыз – Қазақстанды дарынды мамандар, технологиялар мен AI-инновациялар тоғысатын орталыққа айналдыру», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
HackAlem AI – қатысушылар қысқа мерзім ішінде идеядан бастап, нақты жұмыс істейтін AI-шешімдерді әзірлеп шығара алатын алаңға айналмақ. Командалар бизнес, мемлекет және экономиканың түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған технологиялық өнімдер жасайды.
«Silkroad Innovation Hub үшін HackAlem AI аясында OpenAI-мен технологиялық серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Еуразияның дарынды жастарына жаһандық AI-құралдарын қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам. Мықты экожүйе әзірлеушілер, стартаптар мен технологиялық командалардың тек тамаша идеясы болғанда ғана емес, сондай-ақ оларға озық құралдар, сарапшылық қолдау және нақты міндеттер қолжетімді болғанда ғана қалыптасатынына сенеміз. HackAlem AI дәл осындай ортаны қалыптастырады: қатысушылар OpenAI технологияларымен жұмыс істеп, іс жүзінде қолдануға болатын AI-шешімдерді әзірлейді, сондай-ақ корпорацияларға болашақ пилоттық жобалардың негізіне айналатын командалар мен өнімдерді ұсына алады», – деп атап өтті Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі CEO-сы Әсет Абдуалиев.
Хакатонға кәмелет жасқа толған әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар мен IT-энтузиастар қатыса алады. Қатысушылардың IT және технология саласында білімі немесе жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Не болмаса, олар өз біліктілігін жеке жобалары, прототиптері, қосымшалары немесе зерттеу жұмыстары арқылы дәлелдей алуға тиіс. Сонымен қатар, IT, бағдарламалау, инженерия, технология, математика немесе цифрлық өнім дизайны бағыттары бойынша оқып жатқан немесе соңғы 12 ай ішінде күндізгі бөлімде білім алған студенттер мен жас мамандар да бақ сынай алады.
OpenAI технологияларымен жұмыс істеу мүмкіндігінен бөлек, қатысушыларға HackAlem AI фирмалық мерчі мен атаулы сертификаттар табысталады. Оған қоса, хакатон кәсіби нетворкинг орнатуға таптырмас алаңға айналмақ: мұнда қатысушылар Қазақстан мен шет елдерден келген әзірлеушілермен, AI-энтузиастармен, стартапшылармен және технологиялық сала өкілдерімен танысып, байланыс орната алады.
Хакатон қорытындысы бойынша қазылар алқасы негізгі бағыттардағы үздік AI-шешімдерді іріктейді. Әлеуеті жоғары жобалар әрі қарай дамып, серіктестермен бірлесе отырып пилоттық жоба ретінде іске қосылу мүмкіндігіне ие болады.
HackAlem AI хакатонының ұйымдастырушылары мен серіктестері: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, AI & Digital Bridge, Blockchain & AI Technology Center және OpenAI.
HackAlem AI Қазақстандағы ең ірі AI-шаралардың біріне айналып, Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген әзірлеушілердің, технологиялық кәсіпкерлер мен жасанды интеллект энтузиастарының басын қосады. Хакатонды өткізу халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, бұл өңірдегі дарынды жастарға әлемдік нарыққа бағытталған AI-шешімдерді әзірлеуге жол ашады.

