Шымкент экономикасының өсіміне инвестиция мен өндіріс серпін беруде

Шымкент экономикасының өсіміне инвестиция мен өндіріс серпін беруде

Шымкент соңғы жылдары инвестициялық белсенділікті арттырып, өндіріс пен инфрақұрылымды қатар дамытуға басымдық беріп келеді. Қала экономикасына соңғы үш жылда 2,3 трлн теңге инвестиция тартылса, оның 75 пайызы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Осы кезеңде жалпы құны 170 млрд теңгені құрайтын 50 ірі жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Қала экономикасының өсімі 10 пайызға жетіп, Шымкент республика бойынша үздік бес өңірдің қатарына енді. Бұл көрсеткіштердің негізінде инвестиция көлемінің артуымен қатар экономиканың нақты секторындағы белсенділік жатыр.

Басты бағыттардың бірі – өнеркәсіп. Қалаға ірі халықаралық компаниялардың келуі өндірістік базаны кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беруде. Мәселен, Coca-Cola компаниясының жобасына 27 млрд теңге инвестиция салынып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Алдағы жобалардың құрылымы да экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Құны 54 млрд теңге болатын қалдықтарды өңдеу зауыты тәулігіне 1000 тоннаға дейін қалдық өңдеп, 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске асқанда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Агроөнеркәсіп саласында 650 гектар аумақта заманауи жылыжай кешендерін дамыту жоспарланған. Түркиялық Alarko Holding 650 млн доллар, польшалық Fabe Polska 136 млн доллар инвестиция салуды көздеп отыр. Мұндай жобалардың экономикалық әсері тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Олар логистика, сақтау, өңдеу, қаптама және қызмет көрсету бағыттарында қосымша кәсіпкерлік белсенділік қалыптастыра алады.

Экономикалық өсімнің тұрақтылығы инфрақұрылымның жағдайына да байланысты. Соңғы кезеңде 33 шақырым су құбыры, 50 шақырым жылу желісі жаңартылып, 600-ге жуық трансформаторлық станция орнатылған. Шамамен 1000 шақырым электр желісі тартылып, 1500 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар жаңа өндірістерді орналастыру үшін де маңызды.

Сонымен бірге экономикалық өсім адам капиталына салынған инвестициямен ұштасуда. Үш жылда 60 мектеп пен 13 медициналық нысан ашылып, спорттық және қоғамдық инфрақұрылым кеңейтілді.

Ендігі негізгі міндет – тартылған инвестицияның сапасын арттыру. Жоғары технологиялы өндірістерді көбейтіп, олардың айналасында жергілікті шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау маңызды. Осы модель Шымкенттің инвестиция қабылдайтын қаладан өндіріс, технология және логистика өзара байланысқан ірі экономикалық орталыққа айналуын жеделдете алады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ