Түркістан облысында синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Түркістан облысында синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың құрылысы басталды

 

25 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында елімізде жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыс басталып, агрохимия саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынды. «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары және өзге де қонақтар қатысты.

Жиында облыс әкімі жаңа өндірістік жобаның өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

– Бүгін біз Түркістан облысының индустриялық дамуы үшін айрықша маңызы бар жаңа өндірістік жобаның негізін қалап, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам жасап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін күшейтуді, отандық өндірісті дамытуды және импортқа тәуелділікті төмендетуді айқындап келеді. Бүгінгі жоба – осы міндеттердің нақты іске асуының бір көрінісі. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған, аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан біз үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен шектелмейді. Ең басты міндеттердің бірі – өндіріс пен қайта өңдеудің толық тізбегін қалыптастыру. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда. Отырар ауданы мен Түркістан қаласында мақтаны жинаудан бастап, оны терең өңдеуге, жіп пен дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақта-тоқыма кластері қалыптасты. Ендігі кезекте агрохимия саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Импортталатын тауарларға жүргізілген талдау тыңайтқышқа деген ішкі сұраныстың едәуір бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етілетінін көрсетті. Сондықтан осы өнімді елімізде өндіру – ауыл шаруашылығы мен экономика үшін маңызды. 25 қыркүйекте Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында осы жобаны іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Жобаны жүзеге асырып жатқан инвесторларға алғысымды білдіремін. Іргесі берік кәсіпорынның ел экономикасына берері мол болсын! Ашылатын жаңа өндіріс орны өңіріміздің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл шаруашылығының өркендеуіне қызмет етсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын жобаның құны – 200 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак және 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіруге қауқарлы болады. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаңа өндіріс ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге, агрохимия саласын дамытуға және Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Покупка атомной станции — это не поход в автосалон и даже не закупка железнодорожных составов. Нельзя просто заплатить миллиарды, получить ключи и...