Шымкентте қалалық №2 көпбейінді аурухананың қосымша корпусы құрылысының орнында капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Нысан 80 төсек-орынға есептелген. Жоба қала тұрғындарының саны мен қажеттілігінің өсуіне байланысты мамандандырылған және шұғыл медициналық көмектің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа корпус Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және сапалы медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында салынуда.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №2 көпбейінді аурухана жыл сайын шамамен 20 мың пациент қабылдайды. Медициналық мекемеде нейрохирургия, кардиология, инсульттік көмек, реанимация және перинаталдық медицина бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі.
Жаңа ғимаратта нейрохирургия мен кардиореанимация бағыттарын дамыту, сондай-ақ, инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру көзделген. Мұнда заманауи қабылдау-диагностикалық орталық орналасады.
Жоба аясында пациенттер мен көлік қозғалысын ұйымдастыру ерекшеліктері ескерілген. Жаңа корпус қолданыстағы аурухана және перзентхана ғимаратымен жабық галерея арқылы жалғасады. Нәтижесінде үш ғимарат бірыңғай медициналық кластерге бірігеді. Ал жедел жәрдем көліктері үшін жеке бастырма қарастырылған.
Қала әкімі медициналық инфрақұрылымды дамыту жүйесі қарқынды өсіп келе жатқан мегаполистің қажеттіліктеріне сай болуы тиіс екенін атап өтті.
«Президенттің тапсырмасымен біз қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеміз. Мұндай жобалар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты. Жаңа корпус аурухана жұмысының тиімділігін арттырып, пациенттерге де, медициналық қызметкерлерге де қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді әкім.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл елдегі медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
Бұл жобаны іске асыру аурухананың төсек қорын ұлғайтуға, медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қосымша жағдай жасауға және халыққа көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.


