Шымкентте өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуы өндіріс көлемін арттырумен қатар, техникалық мамандарға деген сұранысты қалыптастырып келеді. Осы бағытта жастарды өндірістік ортамен таныстыру және болашақ мамандығын таңдауға бағдар беру жұмыстары жүргізілуде.
«Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Тассай» индустриялық аймағындағы «ЭлектроЗаводСервис» ЖШС-де студенттерге арналған өндірістік экскурсия өтті. Оған академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің 60-қа жуық студенті қатысты.
Жастар кәсіпорындағы трансформатор өндірісінің негізгі кезеңдерін көріп, заманауи технологиялармен, еңбек қауіпсіздігі талаптарымен және өндірістегі жұмыс ерекшеліктерімен танысты. Мұндай тәжірибе студенттерге жоғары оқу орнында алған теориялық білімнің нақты өндірісте қалай қолданылатынын көруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері де Шымкенттегі электротехникалық өнеркәсіптің әлеуетін көрсетеді. “Newton Energy” компаниясының өндіріс бойынша директоры Нұржан Қазыбековтің мәліметінше, кәсіпорын қуаттылығына қарай түрлі үлгідегі жылына 1000-ға жуық трансформатор шығарады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 150-ге жуық адам еңбек етеді.
Шымкентте өндірілген трансформаторлар Қазақстанның басқа қалаларына жеткізіліп қана қоймай, сыртқы нарыққа да шығарылуда. Кәсіпорын өнімдері Қырғызстан, Армения және Өзбекстанға экспортталады. Бұл жергілікті өндірістің ішкі сұранысты қамтамасыз етумен қатар, шетелдік нарықтарда да өткізу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Өнеркәсіптің дамуы үшін өндірістік қуатпен бірге білікті кадрлардың болуы маңызды. Әсіресе электр энергетикасы, инженерия және техникалық бағыттағы мамандарға өндірістік кәсіпорындарда сұраныс қалыптасады. Сондықтан студенттердің кәсіпорындарға барып, болашақ жұмыс орындарымен ертерек танысуы еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын күшейтеді.
Экскурсия барысында жастар өндіріс мамандарымен тікелей сөйлесіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, еңбек жағдайы және қызметкерлерге қойылатын кәсіби талаптар туралы ақпарат алды. Бұл мамандық таңдаған жастар үшін өндірістегі нақты талаптарды алдын ала түсінуге мүмкіндік береді.
Шымкенттегі трансформатор өндірісінің дамуы отандық өнеркәсіп пен экспорттық әлеуетті арттырумен қатар, жаңа буын техникалық кадрларын даярлау қажеттілігін де күшейтуде. Өндіріс орындары мен жастар арасындағы осындай байланыс болашақ мамандарды нақты еңбек нарығына бейімдеудің тиімді құралдарының бірі бола алады.
Шымкентте трансформатор өндірісі жастарға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ұсынады


