Жамбыл облысында «Ауыл құтқарушылары» жобасы бойынша сегіз нысан салынуда

Жамбыл облысында «Ауыл құтқарушылары» жобасы бойынша сегіз нысан салынуда

Жамбыл облысы әкімдігінде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Жиында өңір тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты шаралар және ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы талқыланды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Негізгі мәселелердің бірі - «Ауыл құтқарушылары» жобасын дамыту. Қазір облыста сегіз нысанның құрылысы басталды. Бұл құтқару бөлімшелерін ауылдық елді мекендерге жақындатып, оқиғаларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Құтқару инфрақұрылымын одан әрі дамыту және қосымша іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.

Кеңесте сейсмикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік, су тасқынының алдын алу мәселелері де қаралды. Халықты құлақтандыру жүйесін дамытуға, оның ішінде сиреналық-сөйлеу құрылғыларын орнатуға ерекше назар аударылды. Сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі бойынша Тараз қаласының сейсмикалық микроаудандастыру картасын әзірлеу мәселесі қарастырылды.

ТЖМ мен облыс әкімдігі аталған бағыттардың барлығы бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады. Тәуекелдердің алдын алу, халықты құлақтандыру жүйесін дамыту және құтқару инфрақұрылымын нығайту бойынша қосымша жоспарлар әзірленіп, алдағы шаралар айқындалады. Бұл жұмыстың басты мақсаты - Жамбыл облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ