Шымкентте мәдениет саласының тоғыз айдағы жұмысы қорытындыланды

Шымкентте мәдениет саласының тоғыз айдағы жұмысы қорытындыланды

Шымкент қаласында 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 4 814 мәдени-көпшілік және ресми іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 033 021 адам қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде қалада басқармаға қарасты 22 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарында 7 театр, 37 филиалы бар 6 кітапхана, музейлер, цирк, зоологиялық саябақ, концерттік ұйымдар мен мәдениет үйлері бар. Аталған мекемелерде 2 537 қызметкер еңбек етеді.

Есепті кезеңде өткізілген іс-шаралардың ішінде республикалық, мемлекеттік және мерейтойлық бағдарламалар маңызды орын алған. Қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырған жобалардың бірі – 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Шымқала кештері». Жоба аясында демалыс күндері саябақтар мен ашық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып келеді.

Театр саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Тоғыз айда қала театрларында 22 жаңа спектакльдің премьерасы ұсынылып, 846 қойылым және 14 концерт өткізілген. Театр көрермендерінің жалпы саны 157 353 адамға жеткен.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында музейлер қызметіне ерекше назар аударылуда. Қалалық музейлер бірлестігінің қорында 32 103 экспонат сақталған. Оның 27 186-сы электронды форматқа енгізілген. Жыл басынан бері музейлерде 29 көрме, 1 646 экскурсия және 17 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 40 318 келуші қамтылған.

Кітапхана саласында оқырмандар саны 219 997 адамды құраса, келушілер саны 1 495 158 адамға жеткен. Сонымен қатар кітап оқуды насихаттау және әдеби мұраны дәріптеу мақсатында 1 397 іс-шара өткізілген.

Брифинг барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі де қозғалды. Биыл Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында 111 оқу тобы құрылып, 1 290 тыңдаушы қамтылған. Оның 679-ы қазақ тілін, 114-і орыс тілін, 497-сі ағылшын тілін меңгеруде.

Ономастика саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы 4 116 көшенің 224-інің атауы жоқ. Сондай-ақ 44 көшеде қайталанатын атаулар анықталған, ал 226 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген.

Халықаралық мәдени байланыстарды дамыту бағытында шығармашылық ұжымдар 10 халықаралық іс-шараға қатысып, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Ал қараша айында «Шымкент концерт» ұйымының Еуропа мен Түркияның бірқатар елдеріне гастрольдік сапары жоспарланған.

Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, алдағы уақытта мәдениет мекемелерінің қызметін жетілдіру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілді дамыту және тарихи мұраны цифрландыру жұмыстары жалғасады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық қор қаржысы салынған ірі...