Жұмыс берушілердің белсенділігі әсіресе қыркүйек айында артқан. Осы айда 254 мың бос жұмыс орны ұсынылып, бұл тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Қыркүйектегі көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бос жұмыс орындарының саны барлық салада артты. Әсіресе сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында өсім байқалған.
2026 жылдың тоғыз айында жарияланған бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Оның үлесі – 26,3%. Одан кейін басқа қызмет түрлері – 13%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 7,2% және мемлекеттік басқару – 6,8%.
Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана қаласында – 8,7%, Алматы қаласында – 8,4%, Қарағанды облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7% және Павлодар облысында – 6,3% тіркелген.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға арналған. Олардың үлесі – 42,1%. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындары 32,7%-ды, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар 25,2%-ды құрайды.
Жұмыс берушілер көбіне медбикелерді, автокөлік жүргізушілерін, тәрбиешілерді, математика мұғалімдерін, бухгалтерлерді және аспаздарды іздеген. Сондай-ақ жоғары білікті мамандардың ішінде әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс бар.
2026 жылдың тоғыз айында жұмыс іздеушілер Enbek.kz платформасына 1,2 миллионға жуық түйіндеме орналастырған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп.
Enbek.kz электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушілерге түйіндемесін орналастырып, өзіне лайықты жұмыс табуға мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер платформа арқылы бос жұмыс орындарын ұсынып, қойылатын кәсіби талаптарға сәйкес келетін мамандарды іріктей алады.
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеу мен қызметкерлерді іріктеу үдерістерін бір цифрлық платформада біріктіреді. Пайдаланушылар өз талаптарына сәйкес іздеу параметрлерін белгілеп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі еңбек нарығындағы ұсыныстармен таныса алады. Жұмыс мүмкіндіктерін қарастыру және түйіндеме орналастыру үшін Enbek.kz платформасын пайдалануға болады.


