Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясындағы кезекті акция өтті. Қала тазалығын сақтау мен вандализмнің алдын алуға бағытталған шара барысында еріктілер Бауыржан Момышұлы ескерткішінің маңын тазалады. Акцияға 15 жас белсене қатысты. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар Абай Құнанбаев ескерткіші аумағында жалғаспақ.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының мәні – көше мен қоғамдық орындарды таза ұстаумен шектелмейді. Басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраға жанашырлықпен қарау, туған қалаға деген жауапкершілікті арттыру. Осы ретте ескерткіштерді күтіп ұстау мен вандализмге жол бермеуге басымдық беріліп отыр.
Жыл басынан бері бағдарлама аясында қалада 64 іс-шара ұйымдастырылған. Оған жастар мен еріктілердің белсене атсалысуы азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, тазалық пен тәртіп, қоғамдық мүлікке құрметпен қарау сынды құндылықтарды дәріптеуге сеп болып отыр.
Жастар ресурстық орталығының маманы, ерікті Жазира Омарованың айтуынша, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор.
«Бұл акциялардың қала үшін маңызы ерекше. Олар тазалықты сақтаумен қатар, жастардың бойында қоршаған ортаға, тарихи мұраға деген жауапкершілікті қалыптастырады. Қуантатыны – қатарға жастар көптеп қосылып жатыр. Олар өз ісімен әрбір азамат қала көркіне үлес қоса алатынын дәлелдеуде. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жастардың басын біріктіріп, тұрғындарды ортақ кеңістікке ұқыпты қарауға жетелейді деп сенеміз», – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, абаттандыру және ескерткіштерді қорғау бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Таза қала – ортақ жауапкершілік


