Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды

Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азия бойынша алғашқы ел атанды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Қазақстанның аталған жаһандық бастамаға ресми түрде қосылу рәсімі биылғы 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Қазақстан тарапынан рәсімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тау-кен металлургия кешенін дамыту және экономика салаларына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны (Compact) әзірледі. Құжат 2026-2030 жылдарға арналған әріптестіктің негізгі бағыттарын айқындайды және Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.

Compact Қазақстанның стратегиялық құжаттарына, оның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023-2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024-2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделді. Негізгі бағдарлардың бірі – 2031 жылға дейін шамамен $20 млрд көлемінде инвестиция тартуға жәрдемдесу. Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылым құруға бағыттау көзделіп отыр.

Compact ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды:

Бірінші – тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру. Бұл ашық әрі болжамды орта қалыптастыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізуге қажетті жағдай жасайды.

Екінші – геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту. Басым бағыттар қатарында геологиялық деректерді цифрландыру, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамыту, металдарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау бар.

Үшінші – минералдық-шикізат өндіруге және терең өңдеуге жеке инвестициялар тарту. Бұл бойынша Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қолдау, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамыту және халықаралық инвесторларды тарту көзделеді.

«Қазақстан минералдық-шикізат секторын жауапкершілікпен тұрақты дамыту қағидаттарын ұстанады. Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық шикізат өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту жөніндегі ұлттық басымдықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Біз саланың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және еліміздің табиғи ресурстық әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретін әріптестікті одан әрі нығайтуға ниеттіміз», – деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Келісімді жүзеге асыру шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында...

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азия бойынша алғашқы ел атанды, деп хабарлайды ...