«Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасына қатысқан тәлімгер шеберлердің бейнесабақтары YouTube желісінде жарияланды. Енді кез келген адам қазақтың қолөнерінің ерекшелігімен танысып, тәжірибелі мамандардан тегін үйрене алады. Сабақтар қолданбалы өнердің түрлі бағыттарын өз бетінше меңгеруге бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Білім беру жобасы аясында 10 қолөнер шеберінен 8-20 жас аралығындағы 208 оқушы тәлім алды. Оқу бағдарламасы зергерлік өнер, ағаш пен тері өңдеу, киіз басу, керамика, кілем тоқу және дәстүрлі қолданбалы өнердің өзге де түрлерін қамтитын 10 бағыт бойынша өтті.
Бейнесабақтар шеберлердің білімі мен тәжірибесін көпшілікке танытуға, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және қолөнер дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған бейнесабақтарды YouTube желісіндегі «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы бойынша тізімнен көруге болады.


