Түркістан: Сарыағашта кітапханасы бар 200 орындық мәдениет үйі ашылды

Түркістан: Сарыағашта кітапханасы бар 200 орындық мәдениет үйі ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында мәдениет саласын қолдау және ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында жаңа нысандар салынып жатыр. Осы орайда Республика күні қарсаңында Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылдық округінің Жонарық елді мекенінде кітапханасы бар 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын ұлттық мереке Республика күнімен жаңа мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады.

– Бүгін Жонарық елді мекенінде заманауи талаптарға сай салынған 200 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мәдениет саласын дамыту, ауылдық инфрақұрылымды жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс құрылғаннан бері өңірде 26 мәдениет үйлері мен клубтардың құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 5 мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Бүгін пайдалануға беріліп отырған мәдениет үйі – осы жұмыстардың нақты нәтижесі. Басты мақсатымыз – жастардың сапалы білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, мәдениетті әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына жағдай жасау. Жаңа мәдениет үйінде 8 800 кітап қоры бар кітапхана, 200 орындық зал, хореография және шығармашылық үйірмелер жұмыс істеп, жастардың өнері мен қабілетін дамытуға кең мүмкіндік береді. Осы шаңырақтан ел мәдениетіне үлес қосатын талантты жастар қанат қағады деп сенемін. Жаңа мәдениет үйі ауылдың рухани өмірін жандандырып, тұрғындардың игілігіне қызмет ететін, жас таланттардың талабын ұштайтын өнер мен мәдениет ордасына айналсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Салтанатты рәсімнен кейін ауыл ақсақалдары мен облыс әкімі жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ел игілігіне тапсырды.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың қазан айында аяқталды. Жобаның жалпы құны 565,6 млн. теңгені құрайды. Нысанның тапсырыс берушісі – «Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Бас мердігер – «ST-SERVICE KZ» ЖШС. Мәдениет үйінің жалпы ауданы 709,7 шаршы метрді, жер учаскесінің көлемі 1,5 гектарды құрайды. Мұнда 200 орындық көрермендер залы мен 18 орындық кітапхана қарастырылған. Ондағы кітап қоры – 8 800. Ғимарат қажетті сахналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нысан аясында 13 жұмыс орнын ашу көзделген.

Жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуына, кітапхана қызметтерін пайдалануына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар нысан өскелең ұрпақтың өнер мен әдебиетке қызығушылығын арттыруға, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ауылдың мәдени-рухани өмірін жандандыруға ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымды жақсарту тапсырмасымен әлеуметтік нысандар саланып жатыр. Республика күні...