Шымкент халықаралық инвестициялар мен өнеркәсіптік дамудың маңызды алаңына айналуда

Шымкент халықаралық инвестициялар мен өнеркәсіптік дамудың маңызды алаңына айналуда

Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы қаланың экономикалық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді. Ірі іскерлік жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.

«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбында ұйымдастырылған форумға Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысып, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа технологияларды енгізу және шетелдік инвестицияларды тарту мәселелеріне тоқталды.

Форум қорытындысында жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын 22 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында Шымкент экономикасына тікелей қатысты келісім де бар. Қала әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында құны 74,3 млн доллар болатын ПЭТ-преформалар өндіру және пластикті қайта өңдеу зауытын салу жөніндегі негіздемелік келісім жасалды.

Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда қаладағы өңдеу өнеркәсібінің жаңа бағыттарын дамытуға және өндірістік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

Форум барысында Шымкенттегі «Alsera» жылыжай кешені мен «QazAlPack» өндірістік жобасына да назар аударылды. Аталған бастамалар қаланың агроөнеркәсіп және қаптама өндірісі бағыттарындағы мүмкіндіктерін көрсетеді.

Халықаралық форуммен қатар Премьер-министр Шымкенттің индустриялық дамуымен танысты. «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы «Wan Sheng Ceramic» кәсіпорны жылына 12–13 млн шаршы метр өнім шығаратын жобалық қуатына жеткен. Зауытта 350 тұрақты жұмыс орны ашылған, ал өнімнің 40 пайызы ТМД елдеріне экспортталады.

«Тассай» индустриялық аймағындағы «Asia Trafo» кәсіпорны да отандық өндірістің маңызды бағыттарының бірін дамытып отыр. Жылдық жобалық қуаты 12 мың МВА болатын зауытта 200-ден астам адам еңбек етеді.

Қазіргі уақытта Шымкентте сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағы 90 пайызға толған, ал жүзеге асырылған жобалар саны 354-ке жеткен.

Қаланың экономикалық көрсеткіштері де өнеркәсіптік белсенділіктің артқанын көрсетеді. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында өндіріс көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 580 млрд теңгеге жетті.

KGIR-2026 форумының Шымкентте ұйымдастырылуы қаланың халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейтуге жағдай жасады. Ендігі маңызды міндет – жасалған келісімдерді нақты өндірістік жобаларға айналдыру, қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын арттыру және жаңа инвестициялардың жергілікті экономикаға ұзақ мерзімді әсерін қамтамасыз ету.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ