Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен Шымкенттің креативті жәрмеңкесі ашылды. Іс-шара Creative Aimaq жобасы аясында өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған іс-шара қолөнершілердің, дизайнерлердің, өнер адамдары мен инновациялық жобаларды әзірлеушілердің басын қосады, деп хабарлайды No-comment.kz - Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, оңтүстік мегаполистің мәдени дәстүрін таныстырды.Алғашқы күннің негізгі іс-шараларының бірі Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы болды.
Жәрмеңкеде шымкенттік шеберлердің дайындаған ұлттық киімдері, авторлық әшекейлері, кілемдері, киізден жасаған бұйымдары, керамикасы, былғары мен ағаштан жасалған туындылары ұсынылған.
Жәрмеңкеге келген жұрт қолөнершілермен танысып, өздеріне ұнаған бұйымдарын сатып алып, дәстүрлі өндірістің ерекшеліктері туралы біле алады.
Шымкенттің технологиялық әзірлемелеріне де ерекше назар аударылған. Олардың қатарында алақандағы тамырлардың суреті арқылы биометриялық төлем жасауға мүмкіндік беретін Alaqan жүйесі, қолжазба мәтінді танитын жасанды интеллектісі бар ақылды қалам Qalam AI және ауыл шаруашылығы жануарларын бақылауға арналған QazTracker цифрлық шешімі бар. Өз жобаларын «САҚ» киностудиясы да таныстырды.
Республика күніне орай Шымкенттің креативті жәрмеңкесі жұмысын жалғастырады. Екінші күн ұлттық анимацияға, театр өнеріне, музыкаға және дәстүрлі қолөнерге арналады.
Келген жұрт «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдары мен «Ахмет» мультфильмін тамашалай алады.
Сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы театрдың «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы мен «Қаратау» музыкалық ансамблінің өнері қайта ұсынылады.
Бұдан бөлек, ұлттық әшекейлер жасау, киіз басу және құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтары өтеді. Келушілер дәстүрлі қолөнер тәсілдерімен танысып, өз қолымен бұйым жасап көреді.
Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді дамытуға, креативті кәсіпкерлерді қолдауға және өнім өткізу нарығын кеңейтуге бағытталған. Жәрмеңке шеберлер мен дизайнерлерге өз туындыларын елорда тұрғындарына таныстырып, сатып алатын клиенттер табуға мүмкіндік береді.Іс-шара Qazaq Creative Hub орталығында, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтіп жатыр.


