Карантиндік зиянкестермен залалданған өнімді елге кіргізуге тосқауыл қойылды

Карантиндік зиянкестермен залалданған өнімді елге кіргізуге тосқауыл қойылды

ҚР АШМ АӨК-дегі МИК аумақтық инспекциялары еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Фитосанитариялық бақылау барысында бірқатар өңірде карантиндік организмдермен залалданған карантинге жатқызылған өнімдерді елге әкелу деректері анықталды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Абай облысында Ресей Федерациясынан жеткізілген көлемі 40 м³ қарағайдан жасалған кесілген ағаш материалдарын тексеру кезінде карантиндік зиянкес — қара қоңыздың дернәсілдері анықталды. Аталған заң бұзушылық бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Ақмола облысында Ресей Федерациясының бірнеше өңірінен жеткізілген жалпы салмағы 1 236 тонна азық-түлікке арналған бидайға зертханалық зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде қауіпті карантиндік арамшөптердің бар екені расталды. Анықталған деректер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, міндетті нұсқамалар берілді.

Маңғыстау облысында «Темір-Баба» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ауғанстаннан әкелінген жалпы салмағы 24 тонна жаңа анарға жүргізілген тексеру барысында тірі карантиндік зиянкес — Комсток сымыры анықталды. Залалданған өнім экспорттаушы елге кері қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімдерді елге әкелу және тасымалдау кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Залалданған өнімдердің елге әкелінуін анықтау және оған тосқауыл қою, сондай-ақ еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы қорытындыланды. Үш күн бойы еліміздің әр өңірінен келген жас өнерпаздар...