ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының (DCAS) төрағасы, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Джузи Принчи бастаған Еуропалық Парламент делегациясымен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы жоғары білім, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Академиялық және студенттік ұтқырлықты дамытуға, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ ЕО-ға мүше мемлекеттермен мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Министр Саясат Нұрбек еуропалық делегацияны Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін трансформациялаудың негізгі бағыттарымен, оның ішінде жоғары білім беруді интернационалдандыру және өңірлік білім беру орталығын қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанда шетелдік университеттердің қатысуын кеңейту және серіктестік білім беру бағдарламаларын дамыту жөнінде ақпарат ұсынылды. Білікті кадрлар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және озық білім беру технологияларының трансферіне бағытталған Франция, Германия, Бельгия, Италия, Польша және Мажарстанның жетекші университеттерімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесіне енгізу болды. Министр жасанды интеллект технологияларын білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен интеграциялау, студенттер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту, сондай-ақ озық технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кездесуге қатысушылар жасанды интеллектіні дамыту Қазақстан үшін де, Еуропалық Одақ үшін де стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу бойынша тәжірибе алмасу, жаңа буын мамандарын даярлау және бірлескен технологиялық бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Еуропалық Одақтың Horizon Europe бағдарламасы шеңберіндегі ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Тараптар қазақстандық ғылыми ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бастамаларды, бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту және еуропалық ғылыми-зерттеу консорциумдарымен өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын қарастырды.
Саясат Нұрбек Қазақстанның Еуропалық Одақпен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, аса маңызды шикізат материалдары және ғылыми зерттеулердің басқа да перспективалы бағыттары бойынша серіктестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға, академиялық алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің университеттері, ғылыми ұйымдары және бейінді институттары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.


